#
#
Дүйсенбі 20/11/2017

Нұрғали Ораз: "Туған жеріңе керексіз жазушы болып қалыпсың ғой" деген сөз өте ауыр тиді...

  • 28.12.2016
  • 3
  • 2203

ОҚО Қазығұрт ауданы әкімі Төлеген Тұртайұлы Телғараевтің назарына!

Таяуда Тәуелсіздіктің 25 жылдығына байланысты Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысында туып-өскен зиялы қауым, ақын-жазушылар бас қосып, туған жерге тағзым етіп қайтты. Бұл игілікті шараны облыс әкімдігі дүркіретіп өткізді.

Осыған байланысты біз өзіміздің белсенді авторларымыздың бірі, белгілі жазушы Нұрғали Ораз мырзаға хабарласып, құттықтап, мәдени шарадан алған әсерлерімен бөлісуін өтінген едік.

Бірақ, өкінішке қарай, қаламгердің:

- Мен ол шараға шақырылған жоқпын ғой, - деген жауабын естіп, аң-таң болдық. Дауысынан әлдебір реніштің белгісін байқап, кенет өзіміз де мұңдана қалдық. Сұхбатымыз да ұзаққа бармады. Асылы, ағаның онсыз да күпті көңілін одан бетер түсірмеуді жөн санадық:

- Неге? Облысқа хабарластыңыз ба? Мүмкін, шақыру билеті жолда кідіріп қалған шығар?

- Шынымды айтсам, алғашқыда онша мән берген жоқ едім. Бірақ, бір құрдасымның: «Туған жеріңе керексіз жазушы болып қалыпсың ғой,» деген сөзі өте ауыр тиді. Содан соң, мән-жайды білмек болып, облысқа хабарласқанмын. Мәдени шараның негізгі ұйымдастырушысы облыс әкімдігі болғанмен, әр аудан өз қонақтарының тізімін өзі жасап ұсынған екен. Туған жерім - Қазығұрт ауданы берген тізімде менің аты-жөнім болмаған көрінеді...

- Қызық екен. Ренжіп қалмадыңыз ба?

- Қалай десем екен... Туған жер деген өте ыстық қой. Қайда жүрсең де көңіліңді жылытып, қол бұлғап шақырып тұрғандай болады. Нұх пайғамбардың кемесі тоқтаған киелі Қазығұрт тауының бөктеріндегі ауылдың адамдары туралы қаншама әңгіме, хикая жаздым... Сондықтан да болар, көңіліме ауыр тигені рас. Бірақ, бұл - елдің емес, аудан әкімшілігінің шешімі шығар...

Қымбатты оқырман, біз осыдан кейін ОҚО-дағы Қазығұрт ауданының әкімі Төлеген Тұртайұлы Телғараев мырзаға  Қазығұрт ауданында туып-өскен жазушы Нұрғали Оразды таныстырып өтуді өзімізге парыз санадық.

Нұрғали ОРАЗ – 1960 жылы 25 тамызда ОҚО Қазығұрт ауданында дүниеге келген. Осы ауданның аумағындағы Монтай тас, Ақжар, Рабат, Жаңабазар ауылдарында өзінің құрдастарымен тай-құлындай тебісіп бірге өскен екен.

Ең алғашқы әңгімесі – «Долана». 1980 жылы республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш» ) газетінде жарық көрді.

Жазушы «Соқпақ жол» (1985 ж.), «Бақыршаның балалары» (1988 ж.), «Қазығұрт оқиғалары» (1995 ж.), «Аяқталмаған ертегі» (2002 ж.), «Даладан қалаға келгендер» (2006 ж.), «Биіктегі сұлулық» (2008 ж.), «Түнгі жалғыздық» (2008 ж.), «Сиқырлы көл» (2010 ж.), «Біз, ол, «мерседес» және махаббат» (2011ж.), «Жылқының көз жасы» (2012 ж.) атты т.б. кітаптардың авторы.

 Шығармалары орыс, түрік, саха тілдеріне тәржімаланды.

2002 жылы  Алматы қаласында Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, 2014 жылы Баку қаласында Халықаралық Махмұт Қашқари сыйлығының лауреаты атанды.

Қазақстан Республикасы президентінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Халықаралық Халдун Танер атындағы медальдің иегері.

«Адасқан жұлдыз» пьесасы Халықаралық «Тәуелсіздік толғауы» конкурсының, «Дөңгеленген дүние» пьесасы «Қазақ хандығының 550» жылдығы конкурсының жүлдегері.

«Колониядан қашқан бала» повесі Республикалық «Жалын» баспасы сыйлығының, «Ақ ұлпа» повесі «Дарабоз» сыйлығының жүлдесін алған.

«Оңаша арал» әңгімесі М.Қабанбаев атындағы жүлденің, «Гольф алаңының маңындағы үй» әңгімесі Б.Мұқаи атындағы жүлденің жеңімпазы.

  «Біз, ол, «мерседес» және махаббат» әңгімесі «Қазақ әдебиеті» газетінің, «Кездейсоқ кездесу» атты новелласы «Парасат» журналының сыйлығына ие болған.

2007 жылы «Қазақфильм» киностудиясы жазушы Нұрғали Ораздың әңгімелерінің желісі бойынша «Әурелең» атты толықметражды көркем фильм түсірді. «Таң» телекомпаниясы «Оңаша арал» атты теленовелласын көрермендер назарына ұсынды

Нұрғалидың «Қазығұрт оқиғалары» атты кітабын оқып шығып, «Егемен Қазақстан» газетіне «Қазығұрттың інжу-маржандары» деп мақала жазған Халық жазушысы Шерхан Мұртаза:

 «Нұрғали Ораздың әңгімелері көбінесе қыстағы, қысқа Күннің қызарып барып, қызғылтым тартып, айнала тауларды, даланы мүлгіте ойға қалдырғанындай, сағыныштардың сағым дариясы ән салып ағып жатқандай әсер қалдырады.

Өйтпесе жазып керегі не.

Түнде бір шөліркеп жатып түс көргенде ботаның көзіндей мөлдіреген бастаудың дермене иісті жалбыз шымылдығын ысырып тастап, етпеттеп жата қалып, күміс кәусарға бас қоясың. Сіміре бересің, сіміре бересің, шөлің сірә қанбайды. Сөйтіп жатып оянып кетесің...

«Қазығұрт оқиғаларын» оқып болып, жылтырағы жоқ, жұқа мұқабалы кітапты алақаныңмен сипалап отырып қаласың. Қаншама адам көз алдыңнан тізіліп өтіп, қаншама жан көкірегіңде ұялап қалады. Төрт құбыласы түгел, кесірлі бақытқа кенелген біреуі жоқ. Әйтеуір бірі кем дүние. Бір түрлі аянышты. Бәрі де. Тіпті қаңғыбас Боранбай - барон да, маскүнем Ақмырза да, ұры Жаңбырбай да...

Бұл жазушының аянышы. Оның дүниеге көзқарасы, пайымы, адамдарды бағалауы өзгеше болса, айталық, соцреализм әдісіне салып, қалайда біреу жағымды, біреу жағымсыз сомдалса, оқырманда мұндай аяныш сезімі оянбас еді.

Жазушы сиқыры дейсіз бе, шеберлігі дейсіз бе, әлбетте әркімнің көркемдік түсінігі әр түрлі, бірақ түптің түбінде осы кітаптың кейіпкерлері сенің бір етбауыр жақының сияқты. Олардың өкініші сенің өкінішің, олардың қуанышы сенің қуанышың болса, не шара. Көркем әдебиеттің де мұраты сол. Оқырманның жүрегін жібітіп, сезімін селт еткізсе, еңбек зая кетпегені. Рас - өтірігін кім біледі, хас таланттың қаламын періштелер жетектеп отырады дейді. Әрине, саусағына мүйізгек біткенше қалам тербейтін кәдімгі жазушының өзі. Ал бірақ шын шығарма туарда оның қаламын періште жетектейтіні рас көрінеді,» деп тебіреніп, ақ батасын берген болатын.

 Нұрғали Ораздың әңгімелері бүгінгі әлеуметтік желілерде де қызу талқыланып жатады. Жоғары оқу орындарында, мектептерде студенттер мен оқушылардың, әдебиет пәні мұғалімдерінің дилом жұмысын жазып, арнайы тақырыптық зерттеулердің арқауы етіп, баяндама жасағаны жайлы ақпараттарды жиі кездестіреміз.

Ендеше, қазығұрттықтардың мұндай талантты, қарымды қаламгерді неліктен туған жерінде өткен үлкен мәдени шарадан тыс қалдырғанын түсіну қиын-ақ.

Ұлт порталы

3 пікір

  • ТлеуCәрсенбі, 28.12.2016

    Бұлар жөн болмапты. Нұрғали Ораз қазаққа қажет жазушы. Мұндай адамдар әркез басшылық назарында болуы керекқо

  • ArmanCәрсенбі, 28.12.2016

    "Қазығұрт оқиғаларын" жазған жазушы Қазығұртқа қажет емес пе не? қызықсыңдар сендер. шақыра салуга болады гой. Қазақта жазушы көп бәрін сыйлау керек

  • арманғаЖұма, 30.12.2016

    Қазақта Жазушылар Одағының "мүшесі" көп, бірақ Нұрғалидай шын жазушы санауға бір қолыңның саусағы да жетеді!

Пікір қалдыру

Маңызды мақалалар

БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар