18 ақп, 2019 сағат 13:29

Нұрділдә Ораз жаңа қызметке тағайындалды

Бүгін ішкі істер министрлігінде министрдің жаңа кеңесшісі және ІІМ-нің ресми өкілі – баспасөз хатшысы таныстырылды, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

ҚР ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен бұл қызметке Ораз Нұрділдә Серікұлы тағайындалған.

Ораз Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, ІІМ Қарағанды академиясында, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алған. "Болашақ" бағдарламасы бойынша АҚШ-та (Калифорния, Флорида) оқыған. Мамандығы - журналист, заңгер.

Жаңа баспасөз хатшысы бұдан бұрын "Қазақстан", "31 арна", "Астана" республикалық телеарналарында тілші, редактор болып жұмыс істеді, Астана қаласының ІІД баспасөз қызметінің бастығы, ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры, ҚР бас прокуратурасы аппарат басшысының орынбасары және ресми өкілі, "ОРТ-Еуразия" телеарнасы директорының орынбасары болып қызмет атқарды.

Министр Тұрғымбаев жаңа тағайындалған кеңесшісі әрі ІІМ-нің ресми өкілі – баспасөз хатшысына БАҚ-пен жұмысты үйлестіру мен ұйымдастыруда жемісті еңбек тіледі.