#
#
Cәрсенбі 23/10/2019

Нұр-Сұлтандықтар емханаға eGov арқылы тіркеле алады

  • 13.09.2019
  • 0
  • 2148

Енді елордалықтар қалаған емдеу мекемесіне eGov электронды үкімет порталы арқылы сұраныс жібере алады. Ол үшін тұрғындарда электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ)  болуы керек.

Биылғы 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында болатын емханаларға тіркелу науқанында eGov арқылы тіркелу мүмкіндігі қарастырылған. Жаңа бастама саладағы түрлі тәртіп бұзушылықтардың алдын алуды мақсат етеді. Яғни, алдағы уақытта тіркелу үшін сұранысты қолдан жасау жағдайларын жою көзделіп отыр.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының мәліметінше, емхана немесе дәрігерлік амбулаторияны еркін таңдау принципі тек тұрғылықты жердің әкімшілік-аумақтық бірлігімен шектеледі. Ал республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда пациенттің тұратын ауданы болып есептеледі.

«Осы уақытқа дейін мұндай шектеу болмады. Бірақ жұмыс процесінде тіркелу барысындағы еркіндік біршама кедергілерге әкелді. Мысалы, тұрғылықты жеріне тіркелмеген адамдарға, олардың қатарында жүкті және жаңа туған нәрестелерге қызмет көрсету жағынан қиындықтар туындады. Осындай мәселелердің алдын алу үшін нормативтік базаға өзгерістер енгізілді. Бұдан кейін БМСК-ны қаладағы бір аудан аясында ғана таңдауға болады», - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ-тың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалы директоры Н.Қабдықапаров.

Жалпы елорда тұрғындары жыл соңына дейін емхананы бірнеше жағдайда ауыстыра алады. Алдымен азаматтың тұрғылықты мекенжайы бір айдан астам уақытқа өзгерсе, сонымен бірге емхана қайта ашылған жағдайда және ол қордың қызмет жеткізушілері қатарынан шығып кетсе, тіркеуді ауыстыруға мүмкіндік бар. Сонымен бірге арнайы себепсіз жылына бір мәрте тұрғылықты мекенжайдағы емхананы ауыстыруға болады.

Тұрғындар өзінің жаңа таңдаған емханасына тек 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап барады. Ал жыл соңына дейін бұрынғы БМСК қызмет көрсете береді.

Айта кетсек, денсаулық сақтау саласын цифрландыру бойынша ақпараттық жүйелерді интеграциялау, мобильді сандық қосымшаларды пайдалану, электрондық денсаулық төлқұжаттарын енгізу және «қағазсыз» ауруханаларға көшу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыру мәселелері жолға қойылды.

0 пікір

Пікір қалдыру

Чтобы оставлять комментарий нужно зарегистрироваться или авторизироваться
БАННЕР

Аймақтар жаңалықтары

Басқа да мақалалар