11 қаз, 2019 сағат 10:09

Нұр-Сұлтанда үй өртенді: Бір адам қаза болып, тағы екеуі зардап шекті

Нұр-Сұлтанда жеке тұрғын үй өртеніп, 80 жастағы қарт мерт болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қалалық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.

«1 қазан күні сағат 9:39-да «101» пультіне «Заречный» тұрғын алабы Ұшқыштар көшесі, 2-үйдегі өрт туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына қалалық ТЖ департаментінің өрт сөндірушілері жіберілді. Олар сағат 9:48-де жетті. Бірақ, кеш хабарлау салдарынан тұрғын үй тұтас өртке оранған», - деп мәлім етті қалалық ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен.

Жалынмен күрес барысында Газ-түтіннен қорғау қызметі үй ішін тексеріп, 1939 жылы туған ер адамды тапты. Ол жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Зардап шегуші медициналық көлікте көз жұмды.

Сонымен бірге, тұрғын үйден 1992 жылы туған әйел мен 2010 жылы туған қыз бала құтқарылды. Олар №1 қалалық аурухана мен №2 қалалық балалар ауруханасына жатқызылды.

«Өртті сөндіруге 4 техника мен 22 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Алдын ала болжам бойынша, өрт 150 шаршы метрді шарпыған. Тілсіз жау сағат 10:21-де тоқтатылды және 10:47-де толық сөндірілді. Оқиға себептері анықталып жатыр», - делінген хабарламада.