16 қаң, 2020 сағат 12:58

Нұр-Сұлтанда шағын және орта бизнес субъектілерінің үлесі 3,1%-ға артты

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша елордада 167 183 шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның 68 483 заңды тұлға, 98 364 жеке кәсіпкер және 336 шаруа қожалығы. Өткен жылмен салыстырғанда өсім 3,1%-ды құрайды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Шағын және орта кәсіпкерлік өкілдерінің тұрақты өсуі мемлекеттің кәсіпкерлік ортаның жай-күйін жетілдіру бойынша қажетті жағдайлар жасауының және қаладағы бизнес-ахуалды жақсарту бойынша үздіксіз жұмыс жүргізуінің арқасында мүмкін болды. Қазіргі уақытта елордада шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдауға бағытталған бірқатар бағдарламалар жүзеге асырылуда.

Соның бірі – «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамыту бағдарламасы. Ол бойынша екінші деңгейдегі банктерде несиенің ең жоғары сомасы 2,5 млрд теңгеге жетуі, кредиттердің пайыздық көрсеткіштерін 40%-ға дейін субсидиялау, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін 85% - ға дейін және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер үшін 50% - ға дейін кепіл мүлкін қамтамасыз ету мақсатында кепілдендіру, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 3 млн теңгеге дейін мөлшерде мемлекеттік грант беру, бизнес нысандарының инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары іске асуда.
Жұмыспен нәтижелі қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы да сұранысқа ие. Осы бағдарлама аясында салалық шектеулерсіз 5 жылға дейінгі мерзімге жылдық 6% -бен 8 000 АЕК-ке дейін шағын несиелер беру, сондай-ақ ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін 85% - ға дейін және жұмыс істеп жүрген бизнес өкілдері үшін 50% - ға дейін кепілдік беру көзделген.