13 шіл, 2019 сағат 11:24

Нұр-Сұлтанда ойын алаңында жүрген 13 жасар баланы тоқ соқты (Видео)

Нұр-Сұлтанда ойын алаңында жүрген 13 жасар баланы тоқ соқты. Оқиға 12 шілдеде Сарыарқа ауданында Конституция көшесінде болған, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Бала добын алу үшін шарбаққа мінгенде, жабық футбол алаңының үстінен өткен электр желісіне тиіп кеткен. Жасөспірім құлап, «клиникалық өлім» халіне түсті. Куәгерлердің айтуынша, жедел жәрдем дәрігерлері шұғыл медициналық көмек көрсетіп, соның арқасында бала есін жиған», - делінген Instagram-дағы Astanovka98 парақшасында.

Қалалық полиция департаменті оқиғаның мән-жайының анықталып жатқанын хабарлады.

«12 шілдеде сағат 18.00-де қалалық балалар ауруханасына түрлі жарақатпен кәмелетке толмаған жасөспірім жеткізілген. 13 жасар бала Конституция көшесінің бойындағы ойын алаңында (футбол алаңы) денесін жарақаттап алған. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті.

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Қажетті сараптамалар тағайындалды, соның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады.