27 там, 2019 сағат 08:34

Нұр-Сұлтанда мемлекеттік бағдарламамен үй «алып беретін» әйел сотталды

Елордада мемлекеттік бағдарламамен үй алып беруді уәде еткен алаяқ 7 жылға жуық мерзімге сотталды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қалалық сотынан мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Тергеу барысында анықталғандай, азаматша С. 2016 жылы өз таныстары арасында жылжымайтын мүлікті нарықтағыдан төмен бағамен заңды түрде алу мүмкіндігі және мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана кезегін алға жылжытып беретіндігі туралы көрінеу жалған ақпарат тарата бастаған. Осы жылдың маусым айында ол елордада тұратын келіншекпен танысып, оны мемлекеттік бағдарламамен үй алуға көндірген. Солайша, одан 4 млн 800 мың теңге көлемінде ақша алған. Алайда, ол өзіне алған міндеттемелері бойынша қандай да бір әрекеттерді қолға алмаған және оны орындау ойында да болмаған», - деді қалалық соттан.

№2 Алматы аудандық соты әйелді ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 1-тармақшасы (Ірі көлемде жасалған алаяқтық) бойынша кінәлі деп таныды.

«Азаматша С. 2017 жылы ҚР ҚК-нің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармақшасы бойынша сотталғандықтан, оған анағұрлым қатаң жазаны белгілеу мақсатында соттың соңғы шешімімен 6 жыл 8 ай бас бостандығынан айыру тағайындалды», - делінген ведомство ақпаратында.