20 нау, 2020 сағат 09:55

Нұр-Сұлтанда коронавирус жұқтырғандардың басым бөлігі 30-49 жас аралығында

Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова коронавирус инфекциясын жұқтырғандардың жасы туралы айтып берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан қаласында коронавирус инфекциясына қатысты 25 жағдай тіркелген. Оның ішінде 17 жағдай немесе науқастардың 68 пайызы - 30 бен 49 жас аралығында, 4 оқиға - 50-59 жас, 3 оқиға - 18-29 жас аралығында және бір оқиға - 14 жастағы жасөспірімде кездесті», - деді басқарма басшысы қала әкімдігінде өткен онлайн брифингіде. 

Сәуле Қисықованың айтуынша, қазіргі уақытта барлық науқастардың жағдайы қанағаттанарлық, еш шағымы жоқ және дене қызуы шекті нормадан аспаған.

Еске сала кетсек, Қазақстанда қазір 49 коронавирус инфекциясын жұқтырған адам тіркелген. 

«Осы сағатта (20 наурыз сағат 08:30-да) Алматыда – 22 адам, Қарағанды қаласында - 2 адам, Нұр-Сұлтанда - 25 адам тіркелген. Республика аумағында барлығы 49 науқас тіркеліп отыр. Олардың ешқайсысы қайтыс болған жоқ» , - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп. 

Оның айтуынша, науқастардың барлығының жағдайы жақсы.