17 мау, 2019 сағат 08:36

Нұр-Сұлтанда «Еуразия» кинофестивалі өтеді

2019 жылдың 30 маусымы мен 6 шілдесі аралығында Нұр-Сұлтан қаласында XV Халықаралық «Еуразия» кинофестивалі өтеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Еуразия» кинофестивалінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, кинофорумның конкурстық бағдарламасы дәстүрлі түрде оның негізгі тұжырымдамасын айқын көрсетеді. Ол - Шығыс пен Батыс арасында кинематографиялық көпір орнату.

«Еуразия-2019» кинофестивалінің негізгі байқауына Қытай, Франция, Ресей, Македония, Италия, Филиппин, Израиль, Украина, Австралия картиналары енді. Қысқаметражды фильмдер байқауына Тәжікстан, Оңтүстік Корея, Беларусь, Иран, Өзбекстан, Жапония және тағы басқа елдер қатысады. Сонымен бірге, екі байқауға да отандық туындылар ұсынылған.

Фестивальдің конкурстан тыс бағдарламалары да бар. Олар: «Объектив», «Ерекше оқиға», «NETPAC таңдауы». Ал «Еуразия жүрегінен» бағдарламасында отандық әртүрлі жанрда түсірілген он картина ұсынылатын болады.

«Еуразия» ХКФ - бұл Кинопродюсерлер қауымдастығының халықаралық федерациясы (FIAPF) аккредиттеген Орталық Азиядағы ең ірі кинофорум. Кинофестивальдің ұйымдастырушысы - «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» КЕАҚ.