21 мам, 2019 сағат 12:29

Нұр-Сұлтанда аз қамтылған отбасыларға 600 пәтер сатып алуға 5,1 млрд теңге бөлінді

Нұр-Сұлтанда аз қамтылған отбасыларға 616 пәтер сатып алуға 5,1 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы бүгін Нұр-Сұлтан қалалық стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айжан Түгелбаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Республикалық бюджетті нақтылау барысында Нұр-Сұлтан қаласына 30 млрд 768 млн теңге трансферт қарастырылған. Оның 16 млрд 95,8 млн теңгесі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қарастырылып отыр», - деді ол.

Айжан Түгелбаеваның атап өтуінше, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан атаулы әлеуметтік көмек көлемі арттырылған.

«Бұл мақсатқа 942,6 млн теңге сомасында ағымдық трансферт бөлінді. Бюджет саласының төмен жалақы алатын қызметкерлерінің айлығын 30 пайызға көтеруге  4,4 млрд теңге сомасында ағымдық трансферт көзделіп отыр. Халықтың аз қамтылған тобына 50 шаршы метрден кем емес 616 пәтер сатып алуға 5,1 млрд теңге бөлінді. Жер учаскелерін мемлекет қажеттілігіне  алуға 3,8 млрд теңге қарастырылған»,  - деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Сонымен қатар А.Түгелбаева қала бюджетінің жекелеген бағдарламаларына көзделген қаражаттардың оңтайландырылғандығын да айтты.

«Жекелеген бюджеттік бағдарламалар бойынша 10 млрд 956 млн теңге оңтайландырылды. Аталған қаражатты бірқатар шұғыл міндеттерді шешуге бағыттау көзделіп отыр», - деді ол.

Сондай-ақ, ол Нұр-Сұлтан әкімдігі ойын-сауық шараларына арналған шығыстарын 1 млрд  теңгеге қысқартқанын айтты.

«Мәдениет және спорт басқармасына қосымша 110,9 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде 33,5 млрд теңге тарихи-мәдени мұралардың сақталуын қамтамасыз етуге, ескерткіштерді ағымдық жөндеуге жұмсалады.  «Театр және музыка өнерін қолдау» 008 бағдарламасы бойынша 14,3 млн теңге «Мемлекеттік академиялық филармония» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына жарылған су құбырын жөндеуге беріледі. Қала кітапханаларының жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін 5 млн теңге бөлінеді», - деді ол.

Айта кетерлігі, қалалық мәдениет және спорт басқармасының биылғы мәдени және ойын-сауық шараларын өткізуге арналған шығыстары 1 млрд 158,4 млн теңгеге қысқарып отыр.