07 сәу, 2020 сағат 11:33

Нұр-Сұлтанда әскери міндеттілер блокпостта қызмет етіп, көшелерді күзетеді

Нұр-Сұлтанда әскери міндеттілерді арнаулы жиынға шақыру жалғасуда. Әскери міндеттілер блокпостта қызмет етіп, көшелерді күзетеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Еріктілердің тағы бір легі міндетті медициналық тексеруден өтті. Әскери қызметке жарамды адамдар төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету аясында блокпостта қызмет етеді, елді-мекендер мен инфекция ошақтары бар қала нысандарын күзетеді», - деді Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысы Ақжолтай Уәлиахметов. 

«Мен әскери есепке алу және шақыру бөліміне өз еркіммен келдім. Медициналық тексерістен өтіп, қызметке жарамдылар қатарына қосыламын деп ойлаймын. Әрбір әскери қызметкер жауапкершілік танытып, қиын уақытта өз еліне көмек көрсетуі керек», - дейді запастағы әскери қызметкер Ерсайын Балғабаев. 

Айта кетейік, 3 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қызметшілерді арнаулы жиынға шақыру туралы жарлыққа қол қойды. 

Арнаулы жиын өткізілген кезде әскери қызметке шақырылушылар тамақпен, киім-кешек және жалақымен толық қамтамасыз етіледі. Әскери міндеттілер қаладағы оқу орындарының жатақханасына орналастырылады. 

Нұр-Сұлтан қаласындағы арнаулы әскери дайындыққа барғысы келетіндер 32-70-80 телефон нөмірі арқылы қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлімге қоңырау шала алады.