04 шіл, 2019 сағат 06:49

Нұр-Сұлтан мектептерінде SMART-сыныптар ашылмақ

Елордадағы білім ошақтарында әскери саланы дамыту мақсатында SMART-сыныптар ашылады. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Мұндай «ақылды» сыныптарда болашақ әскери инженерлер мен IT-мамандар даярланатын болады.

Smart-сыныптарды құру идеясын ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. Мемлекет басшысы өз кезегінде оның маңыздылығын тілге тиек етіп, смарт-сарбаз үйірмелерін құруды тапсырды.

 «Мамандарды даярлау және әскери-патриоттық тәрбие беру ісінде болашақ әскери инженерлерді, ІТ мамандарын, роботты техникаларды, жасанды интеллект бойынша мамандарды тәрбиелеп шығару керек. Олар «SMART» деп аталатын буын. «Жас сарбаз» қозғалысының базасында, әсіресе физика-математика бойынша тереңдете оқытылатын мектептерде «SMART-SARBAZ» үйірмелерін құруды ұсынамын», – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы Қорғаныс министрлігі алқасының кеңейтілген отырысында.

Бүгінде жергілікті әскери басқару органдары мен білім басқарламасы смарт-сыныптардың ашылу мәслесін талқылап жатыр. Болжам бойынша, «ақылды» сыныптар жаңа оқу жылынан бастап енгізіледі.

Қазіргі таңда «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтары мен сыныптарының саны еліміз бойынша 6 мыңға жетіп, 174 мыңнан астам баланы қамтыған.

Айта кетсек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында соңғы жылдарда елімізде көптеген IT-мектептер мен IT-сыныптар ашылған еді. Қазірде бұл бағыттағы мектептер инновациялық және технологиялық білікті оқушыларды дайындау үстінде. Көрсеткіштер де жоқ емес. Жас таланттар жаңа туындыларды ойлап тауып, инновациялық дағдыларды игеріп жатыр. Ағымдағы жылдың қыркүйегінде ЭКСПО базасында IT-Университет ашылады деп күтілуде. Бұл орталық отандық IT-мамандардың жаңа толқынын шығаруға атсалысатын болады.