30 нау, 2020 сағат 11:58

Нұр-Сұлтан қаласында карантин кезінде қандай көліктердің қозғалысына шектеу қойылады?

Нұр-Сұлтан қаласында 6 сәуірге дейін жеке тұлғалардың меншікті көлігімен жүріп-тұруына шектеу қойылды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі қалалық жедел штаб Нұр-Сұлтан қаласы бойынша карантин аумағында қоғамдық көлік қозғалысын, жеке тұлғалардың меншікті көлігімен жүріп-тұруын шектеу туралы шешім қабылдады. 

Бұл ретте, сәйкес ұйымдар үшін жұмыс орнынан анықтамасы болған жағдайда (немесе қызметтік куәлігі болса) тұрғылықты жерінен жұмысқа дейін және кері қатынауға, тұрғылықты жеріне немесе жұмысына жақын маңдағы дәріханалар мен дүкеннен азық-түлік, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар алуға, сондай-ақ шұғыл жағдайда медициналық мекемеге баруға рұқсат етіледі.

Бұдан бөлек, карантин аймағы шекарасында медициналық көмектің жедел қызметінің, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің, сонымен қатар медицина мамандарының, азаматтық қорғау, өртке қарсы және апаттық құтқару жұмыстары, коммуналдық, авариялық қызметтердің жұмысшыларына, мамандандырылған инкассатор көлігіне, күзет ұйымдары мен кәсіпорындардың жеке күзет қызметіне, құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен көлігіне, арнайы мемлекеттік органдардың, прокуратура, қорғаныс министрлігі, ұлттық ұлан, ІІМ қылмыстық-атқарушы жүйесінің мамандандырылған және жеке көліктерінің қозғалысына (қызметтік куәлікті көрсеткен жағдайда) тосқауыл қойылмайды.

Сонымен бірге, құрылыс материалдары, азық-түлік пен азық-түлікке жатпайтын өнімдерді, медициналық тауарларды тасымалдауды жүзеге асыратын 1 қосымшада көрсетілген ұйымдардың жүк көліктерінің қозғалысына (қызметтік куәлігін немесе жұмыс орнынан анықтама көрсеткен жағдайда) шектеу қойылмайды.