20 нау, 2019 сағат 17:37

Нұр-Сұлтан: Елордалық депутаттар қала атауын өзгертуді қолдады

Елордалық мәслихат депутаттары Астана қаласының атауын "Нұрсұлтан" деп өзгерту туралы ұсынысты қолдады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордамыздың атын оның бас сәулетшісі, Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен атап, мәңгілік тарихқа қалдыруды ұсынды", - деді Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов елорда мәслихатының 46-шы сессиясында.

Сонымен қатар, ол Парламент палаталарының бірлескен отырысында депутаттар Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгерту туралы заң жобасын қабылдағанын атап өтті.

"Астана қаласының әкімдігі Қазақстанның Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін мәңгі есте сақтауға бағытталған бастаманы қолдайды. Әлеуметтік желілерден, жұмыс топтарынан хаттар келіп жатыр. Олардың бірінде қаланың жаңа атауы жаңа жеңістерге жетелейді деп жазылған", - деді қала әкімі.

Сонымен, мәслихат депутаттары Астана қаласын Нұрсұлтан деп атау туралы ұсынысты бірауыздан қолдады.

Бұдан бөлек, мәслихат қала атауын "Нұр-Сұлтан" деп жазу туралы ұсынысты қабылдады. Енді бұл мәселені Қазақстан Үкіметі жанындағы республикалық ономостикалық комиссия қарайды. Одан өтсе, Үкіметтің қарауына жіберіледі.