16 қаз, 2019 сағат 17:21

Нұр-Сұлтан бейбіт келіссөздер қаласына айналды – Бақтияр Мәкен

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары, әкімдік жанындағы діни бірлестіктермен байланыс кеңесі төрағасының орынбасары Бақтияр Мәкен елорданың бітімгершілік рөлі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазақстанның қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі – ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық. Жыл сайын 18 қазанда елімізде Рухани келісім күні аталып өтеді. ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бітімгерлік саясат бағытын таңдауы жаһандық ықпалды арттырудағы тұрақты платформа болды. Зорлық-зомбылық, діни экстремизм мен терроризм сынды қауіп-қатердің алдын алу үшін Елбасы Әлемдік және дәстүрлі діндердің көшбасшыларын съезге шақырды. Бұл съезд әлі күнде дейін маңызды гуманитарлық жоба болып саналады. Осылайша, біздің елорда дін көшбасшыларының диалогына арналған, сенім мен өзара түсіністікке негізделген алаң болды. Біздің астана Сириялық реттеулер бойынша Женева процесін толық қолдайды. Нұр-Сұлтан қаласы бейбіт келіссөздер қаласына айналды. Бірлескен күш-жігер арқылы Сириядағы шиеленісті тоқтататамыз деп үміттенемін», - деді Б. Мәкен Бейбітшілік және келісім сарайында рухани келісім күніне арналған республикалық жиында.

Сонымен бірге, әкім орынбасары күн сайын Қазақстан халқының бірлігін нығайтуға үлес қосып жүрген діни және қоғамдық бірлестіктердің рөлін атап өтті.

«Біздің міндетіміз – қоғамда қалыптасқан этносаралық және конфессияаралық келісімнің тұрақты үлгісін сақтап қалу. Әрбір қазақстандық төбеміздегі ашық аспанды қадірлеп, Отанымыздың дамуына үлес қосуы керек. Елбасы Жастар жылының ашылуында Қазақстан халқы Ассамблеясының жастар саясатына көбірек көңіл бөлуін тапсырған еді. Ассамблея егемен Қазақстанның, ұрпақтар сабақтастығының, бірлік пен патриоттықты нығайту құндылықтарын насихаттау бойынша нақты бағдарлама әзірлеуі тиіс», - деді Бақтияр Мәкен.

Айта кетейік, Нұр-Сұлтан қаласында рухани келісім күніне арналған «Рухани келісім – бірлік пен тұрақтылық кепілі» республикалық конференция өтті.

18 қазан – Қазақстанда рухани келісім күні. 1992 жылы бекітілген. 1992 жылдың қазан айында Қазақстанның сол кездегі астанасы - Алматы қаласында рухани келісімнің 1-інші әлемдік конгресі өтті. Сол конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім күні - қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу, татулық іздеу, жақыныңа қайырымдылық және көмек көрсету күні деп жариялау туралы манифест қабылдады.

Қазіргі уақытта елімізде 18 діни конфессия бар және 130-ға жуық этнос өкілдері өмір сүреді. Елімізде 3541 мешіт, шіркеу, ғибадатхана және 3720 діни бірлестік жұмыс істейді.