13 шіл, 2019 сағат 10:59

Нұр-Сұлтан әкімі тағы бір орынбасарын тағайындады

Елорда әкімдігінің аппараттық кеңесінде әкім Алтай Көлгінов кадрлық ауыс-түйіс туралы айтты. Басқа жұмысқа ауысуына байланысты қала әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек қызметінен босатылды, деп хабарлайды астана әкімдігінің ресми сайты.

Нұр-Сұлтан басшысының өкімімен Қайсағалиев Алтынбек Кеңесұлы қала әкімінің орынбасары болып тағайындалды. Ол салынып бітпеген тұрғын үйлер үлескерлерінің проблемасы, елорданы абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау және қар күреу мәселелерімен айналысатын болады. Сондай-ақ коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдарының құрылысы мен инфрақұрылымы және қоршаған ортаны қорғау да жаңа орынбасардың қарауында болмақ.

Алтынбек Қайсағалиев Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін "құрылысшы" мамандығы бойынша, Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университетін "мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша бітірген. "Болашақ" бағдарламасының түлегі, Ұлыбританиядағы Бат университетінің менеджмент, инновация және технологиялар саласындағы жаратылыстану ғылымдарының магистрі.

Әр жылдары Президент әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру-аумақтық жұмыс бөлімінің консультанты, инспекторы, Nur Otan партиясы орталық аппараты хатшылығының меңгерушісі, Орал қаласы әкімі аппаратының басшысы, Алматы қаласы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары, Орал қаласы әкімінің орынбасары, Батыс Қазақстан облысы құрылыс басқармасының басшысы қызметін атқарған.