21 шіл, 2018 сағат 13:22

«Нұр Отанның» Түркістандағы жиналысы Денис Тенді еске алумен басталды

Түркістан облысына арнайы сапармен келген «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев партия облыстық филиалының конференциясына қатысты. Конференция жұмысы қапияда қаза тапқан даңқты спортшы, мәнерлеп сырғанаудан Сочи Олимпиадасының қола жүлдегері, әлем чемпионаты, Азия ойындары сияқты дүбірлі додаларда ел намысын абыроймен қорғаған спорт шебері, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Денис Тенді еске алу үшін бір минут үнсіздікпен басталды.

Аталған жиында партия қызметін жаңғырту аясында қолға алынған жаңа жобалар мен Елбасы алдымызға қойған міндеттердің өңірде жүзеге асырылу барысы пысықталды. Сондай-ақ жаңадан құрылған облыстағы партия филиалының төрағасы сайланды.

Конференцияда партия Төрағасының Бірінші орынбасары Түркістанның тарихымызда алар орны ерекше екеніне назар аударып, Елбасының өңірге үлкен үміт артып отырғанын айтты.

– Түркістан Елбасы саясатының арқасында дамудың жаңа кезеңіне аяқ басып отыр. Бұл тарихи шешім ата-бабаларымыз бастап кеткен іргелі істің лайықты жалғасы және қаланың өсіп-өркендеуіне оң әсерін тигізетін маңызды қадам екені сөзсіз. Осылайша Мемлекет басшысы Түркістанның қайтадан түлеп, жаңғырып, ел дамуына өз үлесін қосатын орталыққа айналуына даңғыл жол ашып берді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Жиын барысында конференция делегаттарының мақұлдауымен облыс әкімі Жансейіт Түймебаев «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалының төрағасы болып сайланды. Мәулен Әшімбаев облыс әкімінің бұл қызметті де абыроймен атқаратынына сенім білдіріп, төрағалық куәлігін салтанатты жағдайда тапсырды.

– Түркістан болашақта барша түркі әлемінің нағыз орталығына айналып, бұрынғы атақ-даңқын қайта иемденеді деп сенеміз. Қазірдің өзінде көптеген игі бастамалар қолға алынуда. Болашақта осы жұмыстардың барлығын Жансейіт Қансейітұлы тыңғылықты атқаратынына ешқандай күмәніміз жоқ, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сондай-ақ конференцияда партия Саяси Кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы айқындап берген жаңа міндеттерді орындаудың тиімді тетіктері жан-жақты талқыланды. Одан бөлек, Мемлекет басшысы мақұлдаған жаңа партиялық жобаларды Түркістан облысында тиімді жүзеге асыру барысы кеңінен сөз болды. Одан бөлек, жиында партияның Түркістан облыстық филиалы Саяси кеңесінің, тексеру-бақылау комиссиясының және Саяси кеңес бюросының құрамы бекітілді.

Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары облысқа сапары барысында Қожа Ахмет Яссауи кесенесіне барып, тарихи кешеннің барша түркі әлемі үшін маңызы зор екенін атап өтті.