04 мам, 2018 сағат 13:35

«Нұр Отан» Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылауды күшейтетін болды

Бұдан былай «Нұр Отан» партиясы Елбасы бастамаларының жүзеге асырылуын қатаң бақылауға алады. Барлық бағыт бойынша жүйелі жұмыс жүргізу үшін мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес ұйымдармен және қоғам белсенділерімен тығыз байланыс орнатылады. Соның нәтижесінде аталған бастамаларға қатысты олқылықтар дер кезінде анықталып, тиісті шаралар қолға алынбақ. Бұл туралы партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев мәлімдеді.

Айта кетейік, бүгін Президенттің бес әлеуметтік бастамасының жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңес құрылып, оның алғашқы отырысы өтті. Бұл Кеңестің Елбасының тікелейтапсырмасымен құрылғанын айтқан Мәулен Әшімбаев:

– Біз ешкімге Елбасы бастамаларын сөзбұйдалыққа салып, кешеулетуге жол бермейміз. Сондықтан осыған қатысты мәліметтерді Кеңес мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, сарапшылар және қарапайым халықпен тығыз жұмыс істеу арқылы түрлі дереккөздерден алып отырады. Халық қажетті ақпараттарды қоғамдық қабылдау бөлмесі, партияның веб-сайтындағы арнайы «5bastama» айдары немесе жедел желі арқылы хабарласып бере алады. Мұндай қадам бес әлеуметтік бастаманы жүзеге асыру кезіндегі олқы тұстарды дер кезінде анықтап, оны тиімді шешу жолдарын қарастыруға мүмкіндік береді, – деді.

Сонымен қатар отырыста Бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылуын бақылаудың тиімді тетіктері мен осы бағыттағы өзара іс-қимыл барысы талқыланды. Кеңес төрағасы болып Сенат депутаты Бақытжан Жұмағұлов тағайындалса, оның жұмысын ұйымдастыруды «Нұр Отан» партиясы қамтамасыз етеді. Яғни, бастамалардың әр бағыты бойынша құрылған жұмыс тобының қызметін партия хатшылары үйлестіретін болады.

Кеңестің басты міндеті – әлеуметтік бастамалардың жүзеге асырылуына қоғамдық мониторинг жүргізіп, тұрақты бақылауда ұстау. Сондай-ақ бағдарламаның орындалу барысы туралы халыққа ақпарат беріп, қажетті түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру. Одан бөлек, Елбасы бастамаларын жүзеге асыру кезіндегі мәселелерді анықтап, тиісті мемлекеттік органдарға оларды шешу жолдарын ұсыну.

Отырыста мемлекеттік органдар мен саяси партиялардың жетекшілері, қоғамдық бірлестіктер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері және білікті сарапшылар мен белсенді азаматтар сөз алып, көтерілген тақырыпқа қатысты өз ойларымен бөлісті.