09 қаз, 2018 сағат 16:25

«Нұр Отан» партиясы мен Жазушылар одағы ынтымақтастық меморандумына қол қойды

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қазақстан Жазушылар одағының мүшелерімен және еліміздің зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында көрсетілген міндеттердің маңызын талқылады.

Сондай-ақ отырыста Жолдауда айтылған ұсыныстардың мәнін халыққа түсіндіру жұмыстарын бірлесіп атқару жайы да сөз болды. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Елбасы ұсыныстарының бір реттік емес, керісінше жүйелі сипатқа ие екеніне назар аударып:

– Елбасының Жолдаудағы әр ұсынысының стратегиялық маңызы зор. Мәселен, ең төменгі жалақыны 1,5 есеге көбейту – миллиондаған қазақстандықтың тұрмыс деңгейіне оң әсерін тигізетін шара. Сол сияқты, денсаулық сақтау мен білім беру саласына бөлінетін қаражат та көбейетін болады. Бұл шаралардың бәрі жүйелі түрде Қазақстандағы әлеуметтік жағдайды одан әрі дамытуға тың серпін береді, – деді.

Одан бөлек, жиында Жолдаудағы басымдықтарды жүзеге асыру – елімізді әлемнің ең дамыған елдерімен теңестіретін аса маңызды қадам екені айтылды. Сол себепті де «Нұр Отан» партиясы Мемлекет басшысының сенімді саяси тірегі ретінде Жолдаудың мәні мен маңызын халыққа кеңінен түсіндіріп, Елбасы ұсыныстарын жүзеге асыруға үлес қосып, осы бағыттағы жұмыстарға жүйелі түрде қоғамдық бақылау жүргізетін болады.

«Нұр Отан» бұл жұмыстарды еліміздегі жетекші саяси партиялармен, қоғамдық бірлестіктермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырмақ. Өйткені мұндай ауқымды жұмысқа бүкіл қоғам болып жұмылудың берері мол екені сөзсіз.

– Елдің игілігіне бағытталған бұл істен Жазушылар Одағы да тыс қалмайды деп сенеміз. Өйткені халыққа ең жақын топтың бірі, сіздер, яғни ақын-жазушылар екені белгілі. Бүгінгі кездесуіміздің де басты себебі – осы Жолдаудың басымдықтарын талқылап, халыққа түсіндіру бойынша бірлескен жұмыстарымыздың бағыттарын айқындап алу, – деді Мәулен Әшімбаев.

Елбасы Жолдауда «Рухани жаңғыру» бағдарламасын әрі қарай жалғастырып, оның аясын жаңа мазмұнмен және бағыттармен толықтыру қажет екенін айтқаны белгілі. Сондықтан аталған іс-шара барысында осы мәселеге де ерекше көңіл бөлінді. Осыған орай партия ақын-жазушыларды қолдау мақсатында төрт бірдей жоба ұсынып отырғанын атап өткен жөн.

Осы бастамаларды бірлесіп жүзеге асыру мақсатында партия мен Жазушылар одағы арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайту туралы меморандумға қол қойылды.

Бұл құжат негізінде, тараптар жас ақын-жазушыларды ынталандыру мақсатында әдеби байқау өткізбек. Нәтижесінде 5 номинация бойынша 15 жеңімпазға арнайы жүлде беріледі. Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша «Астана» телеарнасында тележоба ашылмақ және де ковркинг-орталықтарда жас қаламгерлермен кездесу кештері ұйымдастырылады. Төртінші жоба бойынша, YouTube әлеуметтік желісінде арнайы канал ашып, көрермендерге тәрбиелік сипаттағы көркем дүниелер ұсыну жайлы келісімге келді.

Айта кетейік, іс-шараға Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, «Мирас» республикалық кеңесінің төрағасы, Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан, драматург, жазушы Төлен Әбдік, жазушы Алдан Смайыл, Мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахманов, ақын Бауыржан Қарағызұлы және басқа да қаламгерлер қатысып, көтерілген мәселелер бойынша өз ойларымен бөлісті.