07 ақп, 2019 сағат 18:53

«Нұр Отан» балалар құқығын қорғау мәселесін қолға алды

Бұл туралы бүгін «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің алғашқы отырысында белгілі болды.

Партия Төрағасы Бірінші орынбасарының айтуынша, Кеңестің басты мақсаты – балалардың құқығы мен мүддесін жан-жақты қорғап, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету.

– Кеңес Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылып отыр. Жалпы бұл мәселе біраздан бері көтеріліп, осыған дейін дайындық жұмыстары жүргізіліп келгенін атап өткен жөн. Алдағы уақытта осы бағытта нақты ұсыныстар дайындап, Үкіметпен, жергілікті атқарушы органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейміз – деген Мәулен Әшімбаев бұл іске партияның барлық әлеуеті жұмылдырылатынын жеткізді.

Сонымен қатар ол Кеңестің қызмет аясын кеңейту мәселесіне де назар аударып, балалар құқығын қорғаумен бірге, көп балалы отбасыларға қолдау көрсету, жұмыс істейтін көп балалы аналарға лайықты жағдай жасау сияқты өзекті мәселелерді де қамтудың маңызы зор екенін тілге тиек етті. Сондықтан осы бағыттарда да тиімді ұсыныстар дайындалмақ.

Кеңес құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, салалық сарапшылар және қоғам қайраткерлері мүше болды. Кеңес мүшелерінің шешімімен оның төрағалығына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев сайланды. Ал төраға орынбасары болып «Қасиетті жол» қайырымдылық қорының негізін қалаушы, Астана қаласындағы балалар үйінің директоры Динара Закиева сайланды.

Өз сөзінде Д.Закиева қазіргі таңда балалар құқығын қорғау жұмыстары көбіне салдармен күрес сипатында жүргізіліп келе жатқанын айтты.

– Біз көбіне келеңсіздіктердің салдарымен күресіп келеміз. Сондықтан Кеңестің жұмысында ең алдымен алдын алу шараларына басымдық беріп, алдымызға осы бағытта кешенді іс жүргізуді міндет етіп қойып отырмыз. Осы ретте жаңадан құрылып отырған Кеңестің тұрақты түрде күнделікті жұмыс істейтін орган болатынын ерекше атап өткім келеді, – дейді Д.Закиева.

Жиын барысында «Taiburyl» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов, «Әр бала отбасымен бірге болуы керек» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Шолпан Байболова, «Best for Kids» қоғамдық қорының вице-президенті Эмин Аскеров, ЮНИСЕФ-тің балалар құқығын қорғау жөніндегі бағдарламасының үйлестірушісі Татьяна Адерхина және басқа да жиынға қатысушылар сөз алып, балалар құқығын қорғау мәселесіне қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев еліміздің жарқын болашағы үшін бұл істің маңызы зор екенін айтып, барлық мүдделі тараптарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.