24 там, 2017 сағат 08:55

Норвегия жолы: Мұнайдан тапқан табыс балама энергия көздерін дамытуға жұмсалуы керек

Мұнай жоғары қосалқы бағамен есептелінетін өнім жасау үшін де қолданылуы мүмкін, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" vlast.kz сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан мұнайдан тапқан табысын жаңарған энергия көздерін дамыту ісіне жұмсағаны абзал дейді германиялық «Covestro AG» компаниясының өкілі Ричард Норткоут.

«Сіздің мемлекет мұнай мен газға бай ел болса да, энергияның балама көздерін дамытуды қолға алғаны жөн. Мысалы, Норвегияда мұнайды көптеп өндіреді. Бірақ бүгінгі таңда мұнайды сату арқылы жел станцияларын салу үстінде. Норвегтер жаңартылған энергия көздерінің болашақта қажет екенін жақсы біледі. Сондықтан ертеңге бүгін қамданып жатыр десек болады. Мұнай қоры бүгін не ертең таусылады. Ал, жел мен күн энергеиясы – шексіз», - дейді ол «Климаттың өзгеруі мәселелерінің энергетикалық шешімдері» сессиясының аясында өткен «Болашақ энергиясы» форумында сөйлеген сөзінде.

Сондай-ақ ол мұнайдың мол қоры болса да күн энергиясын дамытып, қолдану ісін бастап кеткен Сауд Арабиясын мысалға келтірді.

«Табиғи ресурстардың қол жетімділігінің тиімді екеніне қарамастан, балама энергия көздерін де дамыту қажет. Мұнайды жанармай ретінде пайдаланбай, оны қолданудың жаңа жолдарын қарастырған жөн. Жоғарғы қосалқы бағамен есептелінетін өнімге немесе мұнай-химиясына басымдық берген дұрыс», - дейді Норткоут.

Сонымен қатар, ол Астанада көрме өткізудің маңыздылығы – жаңарған энергия көздерін дамытуға жасаған алғашқы қадам екенін атап өтті. «Маған Қазақстан павильоны қатты ұнады. Онда инновациялық жұмыстар ұлттық үлгіде ұсынылған. Менің ойымша, мұны балама энергия көздерін пайдалануда қолдану қажет. Яғни, ақырындап энергияның жаңа түрін пайдалануға көшу керек», - дейді спикер.