18 қаз, 2018 сағат 14:40

Н.Ноғаев: Атырау облысындағы тұрғын үй құрылысы өз қарқынынан таймайды

Атырау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев облыс орталығындағы бірқатар көпқабатты үйлердің құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Биылғы жылы Атырау облысы Қазақстан бойынша тәуелсіздік жылдарындағы тұрғын үй құрылысы бойынша ең үлкен көрсеткішті көрсетті. Қазіргі таңда облыс бойынша 44 үйдің құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 34 үйдің құрылысы аяқталады. Атап айтсақ: Береке ықшам ауданында 2622 пәтерлік 28 тұрғын үй құрылысы салынуда. 936 пәтерлік 13 тұрғын үй несиелік жүйе бойынша, 1686 пәтерлік 15 тұрғын үй жалдамалы негізде беріледі.1374 пәтер болатын 20 үйдің құрылысы 2018 жылдың желтоқсан айында аяқталады.  

- Барлық үйлердің ауласында балалар ойын алаңы, дүкендер, дәріханалар, көлік тұрақтары мен бейнебақылау камералары болады,- деді қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Тимур Басаров.

Сонымен қатар, Нұрсая ықшам ауданындағы 576 пәтерлік 8 үйдің құрылысын да жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Аталған ауданда 240 пәтерлік тағы 2 үйдің құрылысы жүруде. Келер жылы пайдалануға беріледі. Қаладағы Амандосов көшесінде де 160 пәтерлік 2 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. «7-20-25» бағдарламасы бойынша берілетін қос тұрғын үй құрылысының бірі шілде айында аяқталса, екіншісін жыл соңында аяқтау жоспарланған. Қала маңындағы Талғайран ауылында 60 үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Олардың 28-і 1 пәтерлі, 12-і 1 пәтерлі екі қабатты және 20-ы 2 пәтерлі тұрғын үйлер.  

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, құрылыс жұмыстарына 85 пайыз отандық құрылыс материалдары пайдаланылуда. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та құрылыс үшін барынша отандық өнімдерді пайдаланып, көрсеткішті арттыруды тапсырды. 

Тұрғын үйлер құрылысымен танысқан облыс әкімі жауапты мамандарға осы қарқыннан таймай, жұмысты жоспарлы түрде аяқтауды тапсырды. 

- Елбасының биылғы жолдауында да қазақстандықтардың тұрмыс жағдайын жақсарту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Осы тапсырмаларды орындау бағытында Атырау облысы тұрғын үй құрылысын қарқынды түрде жүргізуде. Облыста 44 көпқабатты тұрғын үй құрылысымен қатар, өңірде 19 коммерциялық ұйымдардың тұрғын үй құрылыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Нұрлы жер бағдарламасы аясында Елбасы тапсырмасына сәйкес бір типті жер үйлерді салу бойынша 400 жер учаскесі бөлініп, 60,120,200 шаршы метр болатын 3 типті 60 үй салынуда. Қосымша 440 жер учаскесін бөліп, үй салу үшін ЖСҚ жасақталуда. Облыстағы тұрғын құрылысы өз қарқынынан таймайды. Атыраулықтар да «Нұрлы жер», «7-20-25» бағдарламалары арқылы тұрғын үйге қол жеткізу үшін бағдарламаның тиімді тетіктерін тауып, белсенділік танытуда, - деді облыс әкімі.