05 қар, 2019 сағат 05:12

Ниагара өзеніндегі тасқын 100 жыл бұрын жартасқа тіреліп қалған кемені ағызып кетті

Ниагара өзенінің түбіндегі жартастарға 100 жыл бұрын тіреліп, сонда қалып қойған кемені қатты дауыл мен су тасқыны ағызып кетті, деп хабарлайды CBS телеарнасы.

Ұзындығы 20 метрден асатын баржа 1918 жылдың тамызында өзін сүйреген кемеден үзіліп кеткендіктен, оны экипаж Ниагара өзенінің Канада бөлігіне шөктірген. Содан бері Таға сарқырамасынан (Канада сарқырамасы) 1,5 шақырым жерде жатқан кеме Ниагара кешенінің туристер қызықтайтын орындардың біріне айналған болатын.

Толассыз жауған нөсерден су деңгейі көтеріліп, оны 50 метрдей жерге дейін жылжытқан. Шөккен кемені өзеннің ағызуына дәл сол бағытта соққан қатты дауыл да септігін тигізген.

Канаданың Ниагара паркінің комиссиясы өзеннің кемені біртіндеп сарқырамаға дейін ағызып апаруы мүмкін деп болжап отыр.