09 қыр, 2019 сағат 12:03

Несиесі коллекторға өтіп кеткен тұрғындардың қарызы қай жағдайда кешіріледі?

Несие тарихы коллекторларға өткен тұрғындардың борышын кешіру мәселесі екі санат бойынша қаралады. Бұл туралы ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары Олег Смоляков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясын айтты.

«Несиесі коллекторларға өтіп кеткен азаматтардың мәселесі екі санат бойынша қаралады. Біріншісі бойынша, несие банк балансынан шығарылмайды. Коллектор қарыз алушы мен банк арасында байланыс орнатып, қарыздың қайтуына ықпал етеді. Ондай несиелер банк балансына сақталатындықтан, борышын кешіру акциясына қатыса алады. Ал несие банк балансынан шығарылып, коллекторға сатылған болса, ондай несие иелері кешірімнен тыс қалады. Коллекторлық туралы заңнамада банк қарыз иесінің келісімі болған жағдайда ғана оны коллекторға өткізе алады. Коллекторға өтіп кеткен борыш иесіне банк бұдан кейін шағымдана алмайды. Қазір ісі коллектордың қолында жатқан қанша борышкер бар екенін айта алмаймын. Ондай несиелердің жалпы сомасы бірнеше ондаған млрд теңгеден асады», - деді Олег Смоляков.

Еске салсақ, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтардың борыш жүктемесін жеңілдету туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

Бүгінге дейін борыш жүктемесін жеңілдету бойынша 507 мың қазақстандық анықталған.