09 шіл, 2019 сағат 07:09

Непалдық кәсіпкер Шымкентте аквапарк салады

Непалдық миллиардер Шымкентте аквапарк салады. Бұл туралы Үкімет отырысынан кейін тілшілерге Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Егер де аквапаркке тоқталсақ, бұл жоба бойынша жұмыстар басталды. Инвесторларды іздестіру кезінде Шымкентке Непалдан миллиардер келді. Ол біздегі осы жобаға қызығушылық танытып отыр. Қазіргі кезде оның компаниясы Дубайдағы аквапарктің жобалаушыларымен келліссөздер жүргізіп жатыр. Олар өздерінің командасымен 13 шілде күні Шымкентке келіп, үш күн бойы жобаны пысықтайды. Біз 100 гектар жер бөлдік, ол жерде тиісті коммуникациялар бар», - деді әкім.

Оның сөзіне қарағанда, аталған непалдық азамат Түркістан облысы Қазығұрт ауданында тағы бір жобаны іске асыруға қатыспақ, яғни макарон өндіру бойынша кәсіпорынды ашу жұмыстарына кірісуге ниетті.

«Жалпы, жобаның құны 100 млн долларды құрап отыр. Оны іске қосуға екі жыл уақыт керек болады», - деді Ғ. Әбдірахымов.