11 сәу, 2017 сағат 08:56

Не үшін «шенеуніктер» мешітке аяқкиімін шешпей кіреді?

Соңғы күндері әлеуметтік желілерде «шенеуніктердің» мешітте аяқкиіммен түскен суреті көпшілік арасында қызу талқыға түсіп, дау тудырып, арты діни дүрдараздыққа ұласуда. Оның үстіне осы мәселе жөнінде «Kazislam» порталындағы сарапшылық блогыма да бірқатар азаматтар аталмыш жағдайға байланысты пікір білдіріп, мәселенің аражігін ажыратып беріңіз деп өтінуде. 

Мешітке ешқандай «шенеунік» еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері аяқкиіммен кіріп аралаған емес. Ылайым бұдан кейін де солай болады. Ал, көпшіліктің талқысына түсіп, дау тудырған суретке келсек, ол – мешітке келетін ресми қонақтарға арналған «сүйретпе» (тәпішке). Шалбардың балағынан шығып тұрған тұмсығы туфлиге ұқсаған сүйретпе көзге сырт аяқ кіиімі болып көрінуі мүмкін. Алайда бұл сүйретпелер мешіттің ішкі тәртібі мен әдебіне, мешіт дресс-кодына сай таза киім болып саналады. Осыған ұқсаған сүйретпелерді мешіт қызметкерлері де киеді.

Мешіт – жер бетінде құлшылық жасауға арналған қасиетті орын, Алланың үйі. Сондықтан, әрбір мұсылман баласы қасиетті орынның құрметін сақтауы тиіс. Мешітке келушінің кімінің таза әрі әдемі болуы мешіт әдебіне жатады. Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Уа, Адамның ұрпақтары! Мешітке келгенде әсем киініңдер...», – деп, бұйырған (Әл-Ағраф сүресі, 31-аят). Яғни, мешітке келгенде киіміңіз әсем, әртүрлі нәжіс заттардан таза болуы тиіс. Киімге қатысты ең басты шарт – денені жалаңаштамай, киім кию және оның таза болуы. Ал, дау тудырған сүйретпелер мешіт ішінде қолдануға ғана арналған нәжістен таза киім болып табылады.

Құрметті ағайын, Сіздерден өтінерім, бір мәселенің байыбына барып, ақ-қарасын ажыратып алмайынша көрінген көк аттының (пасықтардың) айтқанына көңіл бөлмесеңіздер екен. Мұндай тырнақ астынан кір іздеп, елді арандатушы ақпаратпен алдап отырғандар бар. Олар өздерін дінге жанашыр, тақуа етіп көрсеткенімен, теріс пиғылы Ібіліс малғұнға қолшоқпар етуі мүмкін. Шариғат ілімдерінде пәтуа айтуға білімі де, құқы да жоқ кісілердің айтқанымен жүру ақиқатты іздеуге жатпайды.

Дәл қазіргі уақытта өзара қырық пышақ болғанша, діни әрі азаматтық тұрғыдан парыз болып табылатын бірлік пен берекені бірінші кезекке қойып, исламға қатысты кез-келген мәселенің жауабын тек қана ҚМДБ-дан (мүфтияттан) ғана алғанымыз абзал.

Ершат ОҢҒАРОВ,

«Kazislam» порталының меншікті сарапшысы,

исламтанушы

Ұлт порталы