24 сәу, 2017 сағат 09:15

Нәзипа Құлжанова - Алаштың қайраткер қызы

Нәзипа Құлжанова ХХ-ғасырдың бас кезінен бастап қазақтың білім саласының, қазақ журналистикасының, этнография ғылымының, сондай ақ, мәдениеті мен әдебиетінің дамуына зор үлес қосқан қоғам қайраткері. Н.Құлжанова сонымен бірге Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің құрылуы туралы 1917-жылы Семей қаласында өткен сиезге қатысып, оның қызметтеріне белсене араласқан, Алаш орда партиясының Семей қаласындағы бөлімшесінің төралқа мүшесі болған Алаштың қайраткер қызы.

Нәзипа Құлжанованың алғашқы тегі - Сегізбаева. 1902 жылы ол Қостанай орыс қазақ гимназиясын бітіріп, сол жылы Торғайдағы екі жылдық орыс қазақ училищесінің мұғалімінің көмекшісі қызметін атқарған. Одан кейін Орынбордың екі жылдық мұғалімдер мектебін аяқтаған. Осы кезде Нәзипа Орынбор мұғалімдер мектебін бітіріп, қызмет істеп жүрген жерлесі, ағайыны Нұрғали Құлжановқа кездеседі. Екеуінің көңілдері жарасып, қосылғаннан кейін, олар 1905 жылы Семей қаласына келіп, екеуі де осы Семей қаласындағы семинарияда сабақ беріп, ұстаздық жасаған.

Екі жас осы кезде қазақтың салт дәстүрі, мәдениеті туралы Орыс географиялық қоғамының вестнигіне мақалаларын жиі жазып тұрған. Осы еңбектері үшін Нәзипа Құлжанова мен Нұрғали Құлжанов Орыс географиялық қоғамына мүше болып қабылданған. Нәзипа Құлжанованың түрлі мәдени шаралар ұйымдастырып, еңбегімен Семейде атағы шыққаны осы кез. Семейдегі оқыған қазақ жастарының Нәзипа Құлжановадан тәлім алып, оның маңына үйіріле бастағаны осы кез. 1910 жылы Ахмет Байтұрсыновтың «Абай Құнанбаев қазақтың бас ақыны»мақаласы  шыққаннан кейін, Абайды қазақ оқи бастаған уақыт еді.

 1914 жылы Абай Құнанбаевтың қайтыс болғанының он жылдығына орай, Нәзипа Құлжанова Семей қаласында үлкен мәдени, әдеби кеш өткізеді. Жастар Абайдың өлеңдерін оқып, әндерін орындаған. Содан кейін Нәзипа Құлжанованың ұйымдастыруымен сол кездегі ең жас жазушы Мұхтар Әуезовтың «Еңілік Кебек» пьесасын сахналаған. Ондағы рөлдерді ойнауға М.Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, Қ.Сәтпаев, және басқа да сол Семейдегі өнерпаз жастар қатысқан. Н.Құлжанованың үлкен энтуазизммен ұйымдастырған А.Құнанбаевқа арнаған осы мәдени шарасы осы күнге дейін аңыз болып айтылады.  Н.Құлжанова 1915-1919 жылдары да осы Семей қаласында Абай шығармашылығына арнап әдеби кештер өткізген. Осы кезеңдерде Семейде даңқы шығып тұрған Н.Құлжановаға А.Байтұрсынов, С.Торайғыров, С.Сейфуллин өлең арнап жазған. Сол кездері атағы шығып жүрген жас ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров Н.Құлжановаға арнаған өлеңінде:

«...Неше күнде қыдырсаң да таба алмайсың,

Семейде одан өтер адал жанын...» деген жолдар бар еді. Ақын бұл өлеңінде Н.Құлжанованың адами тұлғасын бейнелегені көрініп тұр ғой.

А.Байтұрсынов 1910-жылдары жергілікті өкімет қудалап жүргенде Нәзипа қарындасына арнап жазған өлеңінде:

«Рахатсыз өтсе де өмір жасым,

Бұл жөнімнен құдайым айырмасын.

Ұзақ жолға ниет қып бір шыққасын,

Жарым жолда қайтпаспын, қарындасым!...» деп мұңын шаққаны бар еді.

Н.Құлжанованың домбырамен ән айтатын өнері де болған. Ол Семейге қазақ халқының әндерін жинаушы А.Затаеевичь келгенде оған қазақтың  «Ғайни-ау, сәулем», «Қадыр зары» аты әндерін нотаға түсірткен.

Нәзипа Құлжанова қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш журналист. Ол сонау 1913-жылдан бері «Қазақ» газетіне әйелдер теңдігі және басқа да елдік мәселелерге мақаларды жиі жазып тұрған.  1922-жылы жаңа іргесі қаланған «Еңбекші қазақ» газетінің редакциялық коллегиясының мүшесі болған. Н.Құлжанованың Қазақ автономиясы кезінде шыққан барлық газет журналдарда мақалалары ғана емес, әдеби еңбектері, оның ішінде аудармалары да жарияланып тұрған. Н.Құлжанова Л.Толстойдың, В.Короленьконың, М.Горкийдің шығармаларын аударып, қазақ оқырмандарына таныстырған.

1920 жылы Қазақ автономиясы құрылғаннан бастап, ондағы Халық ағарту комиссариатының  оқулықтар жөніндегі комиссиясының мүшесі қызметін атқарған. Н.Құлжанованың бала тәрбиесіне қатысты бірнеше методикалық оқулықтары осы кезде баспадан басылып шықты. Н.Құлжанованың осы саладағы еңбектері әлі де бала тәрбиесінде пайдалануға болатын құнды еңбектер.

Нәзипа Құлжанованың өмірі, оның түрлі саладағы еңбектері тәуелсіздік алғаннан кейін нақты зерттеліп, жазыла бастады. Осы 2000-жылдарға дейін Нәзипа Құлжанованың өмірін, шығармашылығын, мемлекеттік және қоғамдық деңгейде атқарған қызметтерін біршама зерделеген, әрі бірнеше мақалалар жазып насихаттаған кісінің бірі -арқалықтық Мұратқали Камалов еді. Мұратқали Н.Құлжанованың жақын туысы болатын. Әрі Нәзипа мен Нұрғали Құлжановтың өмірін бүге шігесіне дейін білетін адам еді. Мұкең қатарынан екі үш жыл қала әкіміне қайта қайта кіріп жүріп, Арқалық педагогика училищесіне Нәзипа Құлжанованың есімін бергізді. Сол училищенің өзінде Нәзипа Құлжанова мен Нұрғали Құлжановқа арналған шағын мұражай бар. Оғанда біраз құжаттар жинап берген Мұратқали Камалов болатын

Алашорда қозғалысының қайраткері, қазақтың тұңғыш журналисі,этнограф, аудармашы, ұлықты ұстазы Нәзипа Құлжанованың өмірі мен артында қалған мол мұрасы бүгінде жас ұрпаққа өнеге болып тұр.

Жұмат ӘНЕСҰЛЫ, жазушы, тарихшы

Ұлт порталы