26 жел, 2017 сағат 09:24

Назерке Әріптің туыстары қылмыскерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрады

Назерке Әріптің туған тәтесі Жазира Сыбанбаева бойжеткенді өлтірген қылмыскерді өмір бойы бас бостандығынан айыруды сұрап Фейсбукте жазба қалдырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мен - Назерке Әріптің тәтесімін. Сол күні Назерке үйінен шығып, такси ұстаған. Рөлде Құрбан Ысқақов болған. Оны ұстау үшін көп уақыт кетті. Қазақстанның әр бұрышынан туысқандары келіп іздестірді. Қ.Ысқақов әуел бастан тергеуден күдікті болды. Ол бұрын адам өлтіргені үшін 3 рет сотталған, бірақ мерзімінен бұрын босап шыққан», - дейді Жазира Сыбанбаева. 

Оның айтуынша, Ысқақов Назеркені өлтіріп, Кеңсай зиратында қалдырып кеткен.

«2 ай бойы Назеркенің мүрдесі шыжыған күн астында жатты. Сот кезінде Құрбан Ысқақов үш айыптың біреуін ғана өлтіргенін ғана мойындады. Оның ішінде оны зорлағанын, қасақана өлтіру қылмыстық ой пиғылы болғанын мойындамады. Біздің соттың, заңның әділдігіне сенеміз. Ол бұрынғыдай адам өлтіргені үшін отырып шығып, тәртіпті қылығы үшін қайта шыққысы келіп тұр ғой. Тура осылай болды ғой.  Қыздың өмірін үзді. Енді кімнің көз жасына қалғысы келіп жүр?», - дейді келіншек.

Қазір істі қылмыстық істер бойынша ауданаралық мамандандырылған соты қарап жатыр. Сот жабық режімде өтуде.

«Мен ол адамның өмір бойы түрмеде отырғанын қалаймын. Себебі, бұрын да азаматтық некедегі әйелін 18 жерінен пышақтап өлтірген, бірнеше рет зорлық жасаған. Сол үшін 11 жылға кесіліп, оның 9 жылын отырып шыққан. Сонда осындай қанішер адамды қалайша босатуға болады? Мен оны өмір бойы түрмеде отыруына қол жеткізуге тырысамын. Ол тағы 10 жылда шығатын болса, онда басқа қыздардың обалына қалады», - деді марқұм Назеркенің анасы, жапа шегуші Сәуле Сарбаева.

Оның айтуынша, сотталушының анасы Назеркенің ата-анасына барып баласының есі дұрыс еместігін алға тартып ақтап алуға тырысқан. Алайда, сот сараптамаларының нәтижесінде күдіктінің ақыл-есі дұрыс екені дәлелденді.

Алматы қаласы мен Талғар арасында көлігімен жолаушы тасумен айналысатын күдікті өз кінәсін  мойындаған.

Іс материалдарына сәйкес, күдікті Назеркені сол күні қалаға жеткізіп салмақ болған. Жарты жолда бойжеткенді зорлап, буындырып өлтіріп Кеңсай зираты жаққа апарып тастаған. Айта кету керек, 10 шілде күні 18 жастағы Назерке Әріп Тұздыбастау ауылындағы үйінен шығып сол бетте оралмаған. Кейін 6 қыркүйекте Назеркеге ұқсайтын қыздың денесі Кеңсай зиратынан табылды.