24 там, 2019 сағат 10:33

Назарбаевтың шахтерлар алдында сөйлеген архивтік видеосы жарияланды

ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қарағанды алаңына жиналған шахтерлер алдында сөйлеген архивтік видеосы Instagram желісінде жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бұл оқиға туралы Елбасы «Nur Otan» партиясы кеңесінің кеңейтілген отырысында айтып берген еді.

«Мен Қазақстан компартиясының Орталық комитетінің бірінші хатшысы болып тұрғанда, Қарағандыға келгенде орталық алаң толы болды. Графиттен қап-қара болған каска киген шахтерлер жер астынан шықты. Маған барма, талайды деді. Талай берсін деймін. Оларға тіке бара алмайтын, қорқатын басшы несіне қажет? Неден қорқамын? Бәріміз білеміз - халыққа тіке барып, олармен сөйлесіп, түсіндіру керек. Өзіміздің халқымыз ғой, олар қандай да бір жауап естігісі келеді», - деді Нұрсұлтан Назарбаев партия кеңесінің кеңейтілген отырысында.

Айта кетейік, 21 тамыз күні елордада ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өткен болатын.