30 мам, 2019 сағат 08:08

Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесі берілді

Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесі берілді.

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде конституциялық-құқықтық негіздерін қалыптастырудаға, сондай-ақ отандық парламентаризмді орнықтырудағы және дамытудағы сіңірген тарихи еңбегін, Конституцияны, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауды, қоғамның бірлігін қамтамасыз етуге, елдің стратегиялық даму бағдарын айқындауға қосқан аса зор үлесін мойындай отырып, ҚР Парламенті Сенаты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы шешімді қабылдады.

«Өздеріңізге белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ант беру рәсімінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «Құметті Сенатор» мәртебесін беру жөнінде ұсыныс жасаған болатын. Мемлекет басшысының ұсынысын қолдай отырып, Сенат бюросының мүшелері «Құметті Сенатор» мәртебесі туралы ереже бекітті. Ережеге сәйкес, «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру жөнінде шешім Сенат отырысында қабылданады», - деп түсіндірді Сенат төрағасы Дариға Назарбаева.

Өз кезегінде сенатор Талғат Мұсабаев Қазақстан парламентаризмін дамыту үдерісі Елбасының ақылға салынған саяси стратегиясының нәтижесі болып отырғанын атап өтті.

«Биліктің барлық тармақтары арасында тепе-теңдік жүйесін құру арқылы ел Парламенті тек заң шығару тетігіне ғана емес, мемлекеттің орнықты дамуына бағытталған мақсаттарына да жауап беретін беделді мемлекеттік орган болды. Сондықтан Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа «Құрметті Сенатор» мәртебесін беру туралы ұсынылған идеяны уақытылы және дұрыс деп санаймын», - деді Т. Мұсабаев.