19 нау, 2019 сағат 18:30

Назарбаев жас қазақстандықтарға: Тәуелсіз Қазақстанымызды сақтай біліңіздер

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев республикалық телеарналар арқылы Қазақстан халқына арналған мәлімдемесінде қазақстандықтарға Тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай білуге шақырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз әлемнің бір орында тұрмай, үнемі өзгеріп жатқанын көріп отырмыз. Жаңа мүмкіндіктермен қатар жаһандық жаңа технологиялық және демографиялық сын-қатерлер туындап, әлемдік тәртіп тұрақсыздана түсуде. Әрбір ұрпақтың атқаратын өз міндеттері бар. Мен және менің замандастарым еліміз үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық. Оның нәтижелері өздеріңізге белгілі. Әлем өзгеріп, жаңа буын келеді. Бұл – табиғи процесс. Олар өз заманының проблемаларын шешетін болады. Сондай-ақ, елімізді одан әрі өркендету үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға тиіс. Әлеммен бірге біз де өзгеруге тиіспіз. Жас қазақстандықтарға айтарым: тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер. Бұл – біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері. Отанымыз да, жеріміз де бір. Халқымыздың достығы мен бірлігін, бір-бірімізге деген сенімді сақтап, еліміздегі әрбір азаматтың төл мәдениеті мен дәстүрін құрметтей біліңіздер. Сонда ғана біз мықты болып, сын-қатердің бәріне төтеп береміз. Сонда ғана біз өркендейтін боламыз», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.