23 мам, 2017 сағат 12:09

Назарбаев Ұлыбритания премьер-министріне көңіл айтты

Мемлекет басшысы Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия Біріккен Корольдігінің Премьер-Министрі Тереза Мэйге Манчестер қаласында болған террорлық актіге байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Жеделхатта «Манчестер Арена» стадионындағы жарылыстар салдарынан көптеген адамның қаза болғаны туралы хабарды Нұрсұлтан Назарбаевтың зор күйзеліспен қабылдағаны айтылған.

Бүгінде терроризмнің етек алуы барлық мемлекеттер үшін ортақ қауіп-қатерге айналып отыр. Қазақстан халықаралық қауіпсіздікке қатер төндіретін терроризм мен экстремизмнің кез келген түрін қатаң айыптайды.

«Бүкіл Ұлыбритания халқына, қайғылы оқиға құрбандарының отбасылары мен жақындарына Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектеспін», – делінген жеделхатта.