18 қаз, 2019 сағат 13:13

Назарбаев: Үкімет пен «Nur Otan» фракциясы азаматтардың проблемаларын бірлесіп шешуі керек

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкімет, «Nur Otan» партиясы және Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының мүшелерімен жиналыс өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жиналыста «Қазақстан – 2021: Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» сайлауалды бағдарламасы мен «100 нақты қадам» ұлт жоспарының жүзеге асырылу барысы қаралды.

Онда Премьер-Министр Асқар Мамин, Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов, Премьер-Министрдің орынбасарлары Бердібек Сапарбаев және Роман Скляр баяндама оқыды.

«Бүгінде партиямыздың алдында үлкен міндет тұр – қоғамды біріктіру, партия атынан Президенттікке сайланған Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айналасындағы элитаны топтастыру. Партия еліміздің басты саяси күші ретінде мемлекет дамуындағы стратегиялық бағыт сабақтастығын қамтамасыз етуі тиіс. Сондықтан, Үкімет пен Фракция халықтың нақты мәселелерін бірігіп шешуі қажет», - деді Партия төрағасы.

Сайлауалды бағдарламаның және Ұлт жоспарының орындалу нәтижелерін айта келе, Елбасы партияның қалған міндеттерін орындаудағы сын-қатерлерге тоқталды.

«Біз оң нәтижелерге қол жеткіздік. Үш жарым жылдың ішінде 430 мыңнан астам жұмыс орны құрылды, 2,7 мың шақырым жол салынды. Еуразиялық құрлықаралық дәліз іске қосылды. Шағын және орта бизнестің елдің ЖІӨ-дегі үлесі 28% жетті. Бір жылда Қазақстан «Doing Business» рейтингінде 8 сатыға көтеріліп, 28 орынға шықты», - деді Тұңғыш Президент.

Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, жеңіске жеткен партияның сайлауалды бағдарламасы Үкіметтің бесжылдық қызметінің негізін құрауы керек, ал Мәжілістегі фракция мүшелері ықтимал сын-қатерге уақытылы жауап беріп, бағдарламаның орындалуын қадағалап отыруы тиіс.

«Біздің міндетіміз – ұзақ мерзімді көшбасшылықты сақтау. Партияның жаңа сайлауалды бағдарламасын Мәжіліс сайлауына дайындау жұмыстары бүгіннен басталуы керек. Ол әлеуметтік бағдарланған көзқарасқа негізделіп, түрлі әлеуметтік топтардың мүдделерін білдіруі керек және адамдардың нақты сұраныстарына жауап беруі тиіс», - деді партия төрағасы.

Сонымен бірге, Елбасы өңірлерді дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру барысына тоқталды.

«Қазір бұл стратегиялық бағдарламалар ресми түрде жүзеге асырылуда. Олардың орындалуына тиісті бақылау жоқ. Кейбір тармақтар мүлдем орындалмайды. Жоспарланған көрсеткіштерге үнемі түзетулер енгізіліп тұрады. Сондықтан Ұлттық экономика министрлігі «Nur Otan» партиясымен және оның фракцияларымен бірлесіп, аталған бағдарламалардың орындалуы туралы жиын ұйымдастыруы керек. 2025 жылға дейін аумақтарды дамытудың жаңа бағдарламаларын әзірлеуді бастау керек», - деді Н. Назарбаев.

Осыған байланысты, Тұңғыш Президент 2020 жылдың 1 наурызына дейін әр аудан, қала және аймақ үшін аумақтық даму бағдарламаларын әзірлеуді аяқтауды тапсырды.

Елбасы «Nur Otan» партиясының Парламент Мәжілісі мен мәслихаттардағы фракциясының қазіргі жұмысына тоқталып, «Нұр Отан» партиясының рейтингі депутаттардың жұмысына негізделгенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев депутаттардың аймақтарға жұмыс сапары форматын қайта қарауды және партияның қоғамдық қабылдау бөлімінде бірінші басшылардың тұрғындармен кездесуін жандандыруды тапсырды.

«Сараптама нәтижесі көрсеткендей, біздің партияның депутаттары бұқаралық ақпарат құралдарын жеткілікті пайдаланбайды. Одан бөлек, «Nur Otan» фракциясы халықты толғандыратын көптеген өзекті мәселелер бойынша бастама көтермейді. Соңғы бірнеше айда «Nur Otan» фракциясының мүшелері бірде-бір резонанстық іс бойынша өз ұстанымдарын білдірмеді», - деді Тұңғыш Президент.