04 қар, 2019 сағат 17:12

Назарбаев Түркістан облысының тұрғындарымен кездесті

Сапар барысында Қазақстанның Тұңғыш Президенті қаланың рухани-мәдени орталығында өткен концертке қатысып, Түркістан облысының тұрғындарымен жүздесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев облыс орталығын Түркістан қаласына көшіру туралы шешімінің тарихи маңызына тоқталды.

- Тәуелсіздік алғаннан соң Түркістанды астана ретінде қарастырдым. Бірақ, өздеріңіз білетіндей, жағдай бұған жол бермеді. Бүгін бұл қала облыс орталығына айналды, шаһарды жандандыру жұмыстары жүргізілуде. Түркістан - түркі әлемінің бесігі. Бауырлас түркі мемлекеттері де бізге көмектеседі деп сенемін, - деді Елбасы.

Одан бөлек, Қазақстанның Тұңғыш Президенті бүкіл қала бойынша жүріп жатқан құрылыс қарқынының жоғары екенін атап өтті.


- Бірінші кезеңде 175 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның 102-cі биыл іске қосылады. Жұмыстың қандай қарқынмен атқарылып жатқанын көріп отырсыздар. Бұл үшін мен осы жерде барлық облыстардың басын қостым. Қолынан іс келетін азаматтар өз шаруасын дөңгелетіп әкетіп жатыр. Болашақта әдемі қала болады, халық саны өседі. Қазір қала тұрғындарының саны 170 мың болса, меніңше аз уақыттың ішінде жарты миллионға жетеді, - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы сонымен қатар облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық жағдайы да жақсарып, жұмыс орындары көптеп ашылатынын сөз етті.

«Түркістанның орналасқан жері - тоғыз жолдың торабы. Қытайдан біз арқылы Европаға өтетін дәліз бар. Темір жол бар. Сондықтан тәуелсіз Қазақстанымызда тағы бір керемет орталық, тарихи қала бой көтеріп отыр. Бұл - бәріміздің қуанышымыз. Ендігі жылы көп ғимараттар іске қосылып, жаңа нысандар салынып, осы жерде тағы кездесеміз», - деді Назарбаев.

Сөз соңында Елбасы облыс орталығының құрылысы мен жандануына ат салысып жатқан барша жұртқа алғысын білдірді.

- Кесенені жөндеуден өткіздік, өздеріңіз білесіздер. Қожа Ахмет Ясауи атындағы университет ашылды. Көп шаруалар өз ретімен жасалып жатыр. Мұның барлығының соңғы міндеті - облыс орталығын салу еді. Оған да, мінекей, куә болып отырмыз. Сондықтан баршаңызды осындай бастамамен құттықтаймын!Түркістан үлкен қалаға айналып, жан-жақтан туристер келетін болады. Биылдың өзінде бір миллионнан астам турист келіпті. Ал, мына ғимараттар салынғаннан кейін тарихи, мәдени орталық қалыптасып, туристер қарасы одан сайын көбейеді. Демек түркістандықтар жұмыссыз қалмайды. Мына салынып жатқан ғимараттарда, қонақүйлерде қаншама түркістандықтар жұмыс істейтін болады. Барлығы осы шаһардан нәпақасын тауып, халықтың әл-ауқаты жақсарады. Қазақстанымыз жасай берсін, Түркістан жасай берсін, - деп түйіндеді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Концерт соңында Нұрсұлтан Назарбаев қолөнершілердің көрмесін аралап көрді. Онда әлемнің 20 елінен келген шеберлердің жұмыстары ұсынылған.