16 қаң, 2018 сағат 20:47

Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйде Дональд Трамппен кездесті (Видео)

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен АҚШ Президенті Дональд Трамптың Ақ үйдегі кездесуі.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ақ үйде Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трамппен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат"Кездесу барысында мемлекет басшылары екіжақты стратегиялық әріптестікті нығайту, өңірдегі қауіпсіздік және экономикалық байланыс мәселелері төңірегінде сөз қозғады. 

«Ең алдымен, арнайы шақыртуыңыз үшін ерекше алғыс білдіргім келеді, Президент мырза. Мүмкіндікті пайдалана отырып, Сізді АҚШ Президенті қызметіне кіріскеніңізге бір жыл толуымен және осы уақыт аралығында ел экономикасын өркендетуде табысты жұмыс атқаруыңызбен құттықтаймын. Орталық Азиядан Ақ үйге арнайы шақырылған тұңғыш Президент болуым - сөзсіз, үлкен абырой. Ал Қазақстан үшін АҚШ-тың әрдайым ел Тәуелсіздігі мен шекарамыздың тұтастығын қолдауы маңызды. 26 жыл бойы қос мемлекет арасында берік достық орнады. Қос тарап әлі де өзекті тақырыптар төңірегінде пікірлесіп, негізгі мәселелерге қатысты нақты шешімдерге келеді деп ойлаймын. Сонымен қатар, екіжақты экономикалық қатынастардың жаңа деңгейге көтерілетініне сенемін», - деді Нұрсұлтан Назарбаев кездесу барысында.

«Менің шақыртуымды қабыл алғаныңыз үшін асқан ризашылығымды білдіремін. Ақ үйде Сізді қабылдау - біз үшін де үлкен абырой. Бұған дейін Сауд Арабиясында бірқатар мәселелерді талқылаған едік. Сөзсіз, Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Ал, АҚШ экономикасы бүгінгі таңда үлкен бір белесті бағындырып отыр», - деді АҚШ Президенті өз кезегінде.

Одан соң жұмыс тәртібіндегі түскі астың алдында екі президент Рузвельт залында журналистердің алдына шығып, шағын баспасөз мәслихатын да өткізді. 

Қазақстан президенті АҚШ-қа сапары кезінде америкалық компаниялармен жалпы құны 7,5 млрд АҚШ доллары болатын коммерциялық келісімдерге қол қойылатынын айтты. Назарбаевтың сөзінше, Қазақстан АҚШ-тан "Боинг" ұшақтары мен 900-дей локомотив сатып алмақшы.

Бұл - Елбасының жаңа әкімшілік іске кіріскелі бері Вашингтонға жасаған тұңғыш сапары. Бұдан бұрын Нұрсұлтан Назарбаев пен Дональд Трамп Эр-Риядта өткен «Ислам әлемі - АҚШ» саммитінде тілдесіп, одан кейін де телефон арқылы сөйлескен болатын.

Шағын құрамдағы келіссөздерден кейінгі пресс-конференция

Дональд Трамптың Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты күтіп алған сәті

Еске сала кетейік, 2017 жылғы қыркүйекте Дональд Трамп телефон арқылы Нұрсұлтан Назарбаевты АҚШ-қа сапар жасауға шақырған болатын.

2018 жылдың 9 қаңтарында ҚР-дағы АҚШ елшісі Джордж Крол Мемлекет басшысымен кездесуде Қазақстан Президентінің алдағы сапары екі мемлекет арасындағы байланысты одан әрі нығайта түсетініне сенім білдірген еді.

Ресми сапар аясында Нұрсұлтан Назарбаевтың АҚШ-тың ресми және іскер топтар өкілдерімен кездесуі жоспарланған. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысына қатысады.

Айта кетейік, соңғы мәрте Назарбаев Ақ үйде ресми сапармен 2006 жылы болған еді.

Ұлт порталы