03 қаз, 2017 сағат 08:23

Назарбаев Трампқа жеделхат жолдады

Қазақстан Президенті Америка Құрама Штаттарының Президенті Дональд Трампқа көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Лас-Вегас қаласында болған атыс салдарынан көптеген адамның қазаға ұшырағаны және зардап шеккені туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады.

«Біз осынау сын сағаттарда АҚШ халқымен бірге екенімізді жеткізгім келеді. Жеке өзімнің және барша Қазақстан халқының атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ достас Америка Құрама Штаттарының халқына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін», – делінген жеделхатта.

Айта кетсек, 1 қазан күні Лас-Вегастағы музыка фестивалінде атыс болды. Нәтижесінде 59 адам қаза тауып, 500-ден аса адам зардап шекті.