09 қар, 2018 сағат 12:32

Нұрсұлтан Назарбаев Петропавл қаласының жұртшылығымен кездесті

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Петропавл қаласының жұртшылығымен кездесті. Кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің биылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысын баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәліметінше, бірінші жартыжылдық нәтижесінде экономиканың негізгі көрсеткіштерінде оңтайлы қарқын қамтамасыз етілген. 9 айда экономика өсімі 5,3 пайызға жетсе, құрылыс жұмыстарының көлемі 40 пайызға артты.

Таратылған мәліметтерге қарағанда, ауыл шаруашылығына инвестиция тарту тұрғысында солтүстік өңір көш бастады. Аграрлық секторға 60 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды.

Жалпы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша облысқа 218 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылады деп күтілуде. Ағымдағы жылы СҚО-да 5,3 млн тонна астық бастырылды, орташа астық шығымдылығы гектарынан 19 центнерге жетті.

Сонымен қатар Құмар Ақсақалов Мемлекет басшысына облыста жүзеге асырылып жатқан бірқатар ірі жобалар туралы есеп берді.

Өңір басшысының есебін тыңдағаннан кейін, Нұрсұлтан Назарбаев облыс жақсы қарқынмен дамып келе жатқандығын атап өтті.

«Сіздерде ірі зауыттар орналасқан, қорғаныс өнімдері, азаматтық тауарлар қамтылып отыр. Барлығы жақсы деңгейде. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге екпін қою керек. Осы орайда өңдеу көлемін арттырып, ет пен сүт экспортына назар аудару қажет», - деді Елбасы.

Президент бүгінгі Форумға дайындық аясында Петропавл қаласы айтарлықтай түрленгенін атап өтті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен РФ Президенті Владимир Путин Петропавлдағы Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы аясындағы көрмені аралап көрді.