23 там, 2018 сағат 17:45

Назарбаев Ноғаевқа: Атыраулық дәрігерлерге жұрттың көңілі неге толмайды?

Атырау облысының әлеуметтік-экономикалық даму мəселелері жөнінде кеңес барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өңір дәрігерлерінің қызметіне жұртшылықтың көңілі толмайтындығын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дәрігер кадрлармен қамтамасыз ету бар. Бірақ, маған келіп түскен ақпараттар бойынша баратын жұрт дәрігерлердің қызметіне көңілдері көншімейді. Сондықтан адамдар көбінесе сыртқа барып емделгісі келеді. Бұл мәселе қайдан шығады? Былай қарасаң барлығы бар. Өлім көрсеткіші төмендеді, бала өлімі 30-дан 12-ге түсті. Туберкулез Атырауда өткір тұратын үлкен мәселе еді. Ол 100 мың адамға шаққанда 18 болды. Қатерлі ісік 2 есеге төмендеді. Осының барлығы медицина саласының істеп жатқан жұмысы емес пе? Неліктен мұндай арыздар бар?», - деп сұрады Нұрсұлтан Назарбаев Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтан.

Өз кезегінде өңір басшысы облыс халқының кезінде Астраханға аттанып, сол жақтың медицинасына жүгінгендігін жасырмады.

«Қазір кадрмен қамтамасыз ету барысында университетті бітірген жас маманды ғана емес тәжірибелі мамандарды да шақырып жатырмыз. Жағдайды өзгертуге тырысудамыз. Қазір бұл тапсырманы дәрігерлер біледі. Материалдық-техникалық жабдықтау қажетті деңгейде, қаражат та бөлініп жатыр», - деді ол.