12 сәу, 2018 сағат 09:48

Назарбаев: Мешітте намаз оқу үшін де білім керек

"100 жаңа оқулықтың" алғашқы сериясын таныстыру рәсімі кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев діни білімнің маңыздылығына ерекше тоқталды,  деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Мысалы, қазақ тіліне аударылған діни кітаптарды парақтағанда бір мәселені ойладым, ата-бабаларымыз соның бәрін білгенде экстремистерге де, террористерге де нақты жауап беретін еді. Олардың қайдан шыққанын дәлелдейтін еді. Сондықтан алдымен діннің тариxын білу керек. Жаратушы бір, оған жету жолдары әртүрлі. Әлемдік және дәстүрлі діндер съезін өткізгенде бәрі сол туралы айтады. Соған қарамастан, діндердің өз ішінде соғыстар толастар емес. Мынау мұсылмандар арасындағы қырғын соғыс Еуропада орта ғасырда болған. Қазір біз сол кезеңнен өтіп жатырмыз. Олар бізге дейін өтіп кеткен", - деді Н.Назарбаев.

Президенттің айтуынша, діни қызметкерлер "100 жаңа оқулық" аясында өз білімдерін шыңдап, сауаты ашылмаған жастарды дұрыс жолға салуы тиіс.

"Жалпы, бәрімізге білімді шыңдап отыру қажет. Әйтпесе, бәріміз дінде жүрміз, бәрі намаз оқиды. Бүгінде жұрт қаптап мешітке барады. Ал ішінде санасы мен түсінігі қандай? Құр әшейін, елмен бірге шуылдап жүре беру керек деп ойлайды. Олай емес. Әрбір нәрсенің өзінің мағынасы бар. Соның бәрін дүниежүзінде кеңінен талқылаған, түбіне жеткен", - деп атап көрсетті Елбасы.

Мемлекет басшысы "100 жаңа оқулық" жобасына енген Карен Армстронгтың "Құдайтану баяны" атты кітабын мысалға келтірді. Аталған еңбекте автор адам санасындағы құдайға деген сенімнің түп тамыры бір екенін дәлелдейді. "Біздің дін адамдарына, идеология саласында жүрген азаматтарымызға басқалармен сөйлескенде осыны айтуға болады. Адам санасында құдайға сенімнің түп-тамыры бір екенін түсінетін болсақ, өзара түсіністік, дінаралық келісім болады. Біздің пайғамбарымыз - Мұxаммед (с.ғ.с.) барлық діндерді сыйлаған. Құранның ішінде де әрбір дінге қатысты мағлұмат бар. Ал біздің кейбір азаматтарымыз оны да білмейді", - деді Н.Назарбаев.