05 қаз, 2018 сағат 10:12

Назарбаев мемлекеттің ешкімге тегін үй бермейтінін ескертті

Мемлекет ешкімді тегін үймен қамтамасыз етуге міндетті емес. Тек несие және жеңілдіктермен ғана көмектесе алады. Президент Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Елбасы кезекті жолдауы кезінде мемлекеттің халықты тегін үймен қамтамасыз етуге міндетті еместігін айтып өтті. Сондай-ақ, осы күнге дейін соғыс ардагерлерінің бірнеше мәрте үймен қамтылғанын айтып өтті. 

"Мен бүкіл елдің алдында тағы бір рет айтамын. Біз басқа әлемде өмір сүріп жатырмыз. Мемлекет ешкімге тегін үй бермейді. Тек несиемен, белгілі бір жеңілдіктермен көмектесе алады. Мемлекетте тегін пәтер де, мұндай заң да жоқ. Соғыс ардагерлеріне шамамен 10 реттен үй берген шығармыз. Олардың өздерін де, балалары мен немере-шөбелерін де үймен қамтамасыз еттік. Жақсы, олар соғыс ардагерлері болғандықтан осылай жасадық. Ал қалғандарына не жоқ? Оларға ешкім тегін үй бермейді ", — деді Елбасы. 

Әрі қарай мемлекет басшысы қалаларды адамдар өздері тұруға асығатындай дәрежеде дамытуды тапсырды. 

"Футуристер әлемде ең дамыған 600 қала болатынын айтады және бәсеке мемлекет арасында емес, сол қалалар арасында жүреді. Болашақта адамдар сол қалаларда тұруға ұмтылатын болады. Мұның неге бұлай екені айтпаса да түсінікті. Ол жақта білім мен мәдениет, қауіпсіздік бар", — деді ол. 

Мұнымен қатар, Назарбаев берілген жерлерді игере алмай отырғандардан оларды мемлекетке қайтарып беруді талап етті. 

"Қолында билігі бар адамдар жерлерді алып алған. Ит секілді басқаға бермеймін және өзім де керегіме жаратпаймын деп отыр. Мен мұны ретке келтіруді прокуратураға тапсырдым. Егер игере алмаса, мемлекетке қайтарсын ", — деді Елбасы.