01 мау, 2018 сағат 10:05

Назарбаев: "Мемлекет тағы не істей алады?.."

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев "Нұр Отан" партиясын жастарды оқыту мен оларға мамандық беру ісіне белсенді атсалысуға шақырды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

"Мемлекет тағы не істей алады? Қолынан ұстап: "Оқы, міне саған жұмыс, еңбек ет, өтінеміз". Осының барлығын "Нұр Отан" қолдап, үн қосуы керек. Басқа кім? Егер біз мұны жасасақ, бүкіл әлемге әр жастың мәселесімен жеке-дара айналысатын мемлекет ретінде таныламыз", — деді Назарбаев партияның саяси кеңесінің отырысында. 

Елбасы әр азаматқа тиісті деңгейде көңіл бөлінсе, ол жұмысқа үйреніп, қоғамға пайдасын тигізетінін айтты.

"Бір биеден ала да, құла да туады" демекші, бос белбеу, еріншек, түк пайдасы жоқ адамдар барлық қоғамда болған, бола да береді. Бірақ олар аз ғана, өздерінің қылығынан ұялады. Егер оны оқытып, бастапқы кезеңде көңіл бөлсе, жұмысқа үйреніп, қоғамға пайдасын тигізеді", — деді президент. 

Астанада "Нұр Отан" партиясының саяси кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Отырыста мемлекет басшысының 2017 жылдың 3 қарашасында партия саяси кеңесінің отырысында берген тапсырмаларын іске асыру барысы және президенттің бес әлеуметтік бастамасының іске асырылуын қадағалайтын қоғамдық бақылауды ұйымдастыру мәселелері қаралады.