05 мау, 2018 сағат 11:57

Назарбаев Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановты қабылдады

Мемлекет басшысы Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановты қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Баспасөз мәліметтеріне қарағанда, кездесуде Нұрсұлтан Назарбаевқа өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитіне дайындық барысы жөнінде есеп берілді.

Қазақстан Президенті саммитті өткізуге тыңғылықты дайындалу қажеттігін айтты.

«Ақтауда бес елдің делегациялары қатысатын Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитін өткізу жоспарлануда. Осы кездесуге қатысты барлық ұйымдастыру мәселелерін пысықтау керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Ералы Тоғжанов өндіріс, құрылыс, ауыл шаруашылығы және инвестиция тарту салаларындағы мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысын баяндады.

«Негізгі экономикалық көрсеткіштердің өсімі байқалып отыр. Сіздің қойған міндеттеріңіздің бәрі іске асырылуда. 2017 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі өндірістің көлемі 100,1 пайызға жетті», - деді Маңғыстау облысының әкімі.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы бірқатар нақты тапсырма берді.