22 мау, 2017 сағат 10:55

Назарбаев: Қазақстанның табиғи байлық қоры 32 млрд тоннаны құрайды

Қазақстан мұнай, көмір, газ, уран сынды пайдалы қазбалардың мол қорына ие. Оның көлемі мұнай эквивалентінде 32 млрд тонна. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы шетелдік инвесторлар кеңесінің 30-шы пленарлы отырысында Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Расында да, біз мұнай, көмір, газ, уран сынды пайдалы қазбалардың мол қорына иеміз. Олардың көлемі мұнай эквивалентінде 32 млрд тонна немесе бұл әлемдегі барлық табиғи қордың 4%-ы», - деді ол.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы табиғи байлықтардың ірі қорына қарамастан, ұлттық экономиканың шикізатқа тәуелді болмасы үшін тиісті салалық бағдарламаларды жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.

«Қазақстан ТМД елдер ішінде бірінші болып «жасыл» экономикаға көшудің нақты шараларын қолға алды. 2007 жылы Экологиялық кодекс қабылданса, 2009 жылы баламалы энергетиканы қолдауға арналған заңнама бекітілді. Ал 2013 жылы «жасыл» энергетикаға көшудіңтұжырымдамасы рәсімделді. Қазақстан үшін энергия өндірудің аралас жүйесі жақсарып келеді. Ол дегеніміз, дәстүрлі энергетиканы дамыта отырып, баламалы қуат көздерін хал-қадірінше нығайту. Негізі елімізде баламалы энергияны көптеп өндіруге болады. Мәселен, желден жылына 920 млрд Квт/сағ., судан 62 млрдКвт/сағ., ал күннен 2,5 млрд Квт/сағат энергияны шығаруға мүмкіндік бар.

Ауқымды түрде индустриялизация, инновациялық жобалар елімізде жүзеге асырылды. Сондай-ақ, қуатты инфрақұрылымдық бағдарламаларды дамытып жатырмыз. Сонымен қатар, сіздердің басым бөлігңіз осы процеске қатысып отырсыздар. Біз экономиканы әртараптандыруға оның тұрақты әрі шикізатқа тәуелді болмауын қамтамасыз етуге тырысудамыз», - деп түйіндеді сөзін Нұрсұлтан Назарбаев.

Айта кетейік, шетелдік инвесторлардың кеңесі – Елбасының жарлығымен 1998 жылы 30-маусымда құрылған консультативті-ақылдасушы орган. Оның мақсаты инвестициялық мәселелерді жылдам шешу үшін Қазақстан үкіметі мен инвесторлар арасында тікелей диалог орнату. Әдетте бұл отырыстар жылына бір рет өтеді.

Аталмыш кеңестің құрамына 35 трансұлттық компаниялар мен халықаралық ұйымдар кіреді.

Айта кетейік, отырыс барысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек «Астана» халықаралық қаржы орталығын құру бойынша есеп берді. Оның айтуынша, аталған орталық келесі жылдан бастап толыққанды жұмыс істей бастайды.   «GE Oil & Gas» басшысы Лоренцо Симонели Қазақстанда индустриалдық интернетті кеңінен дамытуды ұсынды.  Ал Еуропалық қайта құру және даму банкінің басшысы Байқоңырдың жанында жаңа күн электр станциясының салынатынын мәлімдеді.