21 там, 2017 сағат 19:47

Назарбаев: "Қазақстанның мен бармаған түкпірі жоқ..."

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ішкі туризмді дамытудың пайдасын айтты, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Елбасы "Хабар" арнасына берген сұхбатында айтты.

"Туған жерге, ауыл-ауылға немқұрайлы қарамау керек. Туған жердің топырағы, әрбір өсімдігі, әрбір құмырсқасы біз үшін өте қымбат. Отанды сүю - еліңді сүю дегеннен басталады. (...) Осыған байланысты Қазақстанның киелі жерлері деп отырмыз. Парижге барсаң, Наполеонның жатқаны жерін көрсетеді, өзінің тарихын, Эйфель мұнарасын көрсетеді, ал Испанияға барсаң өзінің бұрынғы астанасын көрсетеді, тау-суларын көрсетеді. Сол сияқты әр елдің бір нысандары бар. Қазақстан да ешкімнен кем емес. Біздің де киелі жерлеріміз көп", - деді Қазақстан Президенті.

Сонымен қатар, Назарбаев елдің әр жеріндегі назар аударарлық мұраларымызды санамалап берді. 

Киелі жер дегенде ата-бабалардың моласын, мазарын айтудың қажеті жоқ. "Біздің қазақ оған да түсіп кетеді. Киелі жер деген қазақтың өзінің білетін жерлері, есінде сақтап, екінші сол тұратын ауданның, облыстың жерлері, үшінші, дүние жүзіне белгілі нысандар. Енді осыған келейік, біздің есімізге ә дегенде не түседі? Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі түседі. Арыстан баб түседі. Аңыз тұлғалар есімізге түседі. Батыс Қазақстанды айтсақ, мұражай сияқты болып жатқан даласы есімізге түседі. Атырауды айтсақ, баяғы Алтын Орданың Жайықтың бойында жатқан хандары есімізге түседі. Орталық Қазақстанды айтсақ, "Ұлытау", қазақтың хандары жиналған жері. Шығысқа барсақ, сақ заманынан бергі қазба құндылықтары дүние жүзіне белгілі болып келе жатыр. Оңтүстікке барсақ, алтын адамның шыққан жерлері... Сондай-сондай, дүние жүзіне көрсететін киелі жерлер бар, өзіміздің киелі жерлер бар. Олар не үшін керек? Ол ішкі туризмді алдыменен дамыту", - дейді Елбасы.

Назарбаев қазіргі кезде шетелге барып демалғысы келмейтінін айтты. Оның пікірінше, Бурабайға жетер әсем жер жоқ.

"Қазір кеңдік болғаннан кейін жер шарын шарқып, анда барамыз, мұнда барамыз, демалысқа анда да, мұнда да кетеміз. Бір қазақтан "Қазақстанның барлық жерін аралап шықтың ба" деп сұрап көрсең, ондай аз. Мысалы, осы жылдардың ішінде Қазақстанның мен бармаған түкпірі жоқ деп айта аламын. Дүниедегі адамдар демалатын жерлерді де көріп шыққан адаммын. Келе жатқан ұрпаққа да, замандастарыма да айта аламын. Мен қазір ешқайда барғым келмейді демалысқа. Қазір Бурабайда отырмыз, мұндай керемет жерді еш жерде көрмейсің осы күні. Табиғаты сақталған, әдемі, жердің жәннаты сияқты. Көлі де бар, тауы да бар, суы да бар. Дәл осылай Шығыс Қазақстанға барсаң, адамның аяғы баспаған. Ертістің суының сексен пайызы өзіміздің өзендерден құрылатынын әркім біле бермейді. Сол өзендердің барлығы сарқырап, Ертіске құйылып жатыр, әр өзеннің барлығы керемет, Алатаудың баурайы өз алдына", - деді Назарбаев.