04 ақп, 2019 сағат 10:20

Назарбаев браконьерлердің қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиевті орденмен марапаттады

Нұрсұлтан Назарбаев "Охотзоопром"ӨБ" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнының инспекторы Ерлан Нұрғалиевті Қызметтік борышын атқару үстінде көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен марапттады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақорда сайтына сілтеме жасап. 

Сонымен қатар, ІІІ дәрежелі "Барыс" орденімен Ерлан Нұрғалиевтің әріптесі Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК Орталық өңірлік филиалының инспекторы Ницык Петр Алексеевич те марапатталды. 

Осыған дейін Мәжіліс депутаттары "Охотзоопром" инспекторы Ерлан Нұрғалиевке "Халық Қаһарманы" атағын беруды ұсынған еді. 

Еске салайық, 15 қаңтарда елордалық №1 ауруханасында "Охотзоопром"ӨБ" республикалық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнының инспекторы браконьерлер қолынан қаза тапты. Осы дерекке қатысты Қарағанды облыстық полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі ("Кісі өлтіру, адамдар тобы, алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған") бойынша тергеу шараларын жүргізіп жатыр.