12 сәу, 2018 сағат 11:31

Назарбаев: "Бізде нашар жазушы жоқ қой, бәрі кемеңгер, өздеріңіз білесіздер!.."

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында атқарылып жатқан жұмыстарды қорытындылады, деп хабарлайды "Ұлт ақпаратBaq.kz агенттігіне сілтеме жасап.

«Жаһандағы заманауи Қазақстан мәдениеті» жобасының аясында тұңғыш рет тәуелсіздік дәуірінде барлық өнер туындылары түгенделіп, тізімі жасалды. 4 бағыт бойынша ең үздік 500 шығарманы іріктеп, әлемдік деңгейде насихаттай бастадық. Өнер туындыларының музей қорлары цифрлық тәсілге көшіріліп жатыр. Үздік шығарма дегенде, бізде нашар жазушы жоқ қой, бәрі кемеңгер, өздеріңіз білесіздер! «Менікі жақсы, менікі жақсы» дейді, таңдау оңай емес. Шынында да жақсы жазушыларымыз бен ақындарымыз бар. Дегенменен дүниежүзіне шығаратын кезде ә дегенде аузымызға Мұхтар Әуезов, Абай түседі. Соның өзінде «мен одан да жақсы жаздым деп» сынап жүретін азаматтарымыз бар», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол сонымен бірге «Рухани жаңғыру: Болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласының 5-бағыты «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы туралы айта кетті.

«102 жаңа есімді анықтап, насихаттауға кірістік. Оларды тыңдап отырғанда бұл жобаны неге баяғыдан жасамадық деп ойладым. Бізде қандай керемет жанып тұрған жастарымыз бар. Қандай ойлар, қандай жаңашылдар бар. Біздің елімізде «Кремний алқабында» шығып жатқан нәрселердің бәрін шығаратын жастарымыз бар. Соларға жағдай жасап, қолдауымыз керек», - деді мемлекет басшысы.