05 қаз, 2017 сағат 12:11

Назарбаев "Байқоңырдың" экологиялық қауіпсіздігі мәселесін көтерді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Қазақстан мен Ресей арасында қабылданған "Байқоңыр" кешеніндегі одан әрі ынтымақтастық тұжырымдамасының іске асырылу барысымен, сондай-ақ "Бәйтерек" бірлескен жобасына қатысты атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

"Ресеймен жасалған уағдаластықтар аясында кешенді дамытудың стратегиялық бағыттары айқындалды. Арнайы құрылған үкіметаралық комиссия мен үкіметтеріміз тиісті жұмысты үйлестіруде. Нақты шаралар қабылданып жатыр", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.   

Осы орайда Қазақстан Президенті өңірдің экологиялық қауіпсіздігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысына Байқоңыр қаласын дамыту перспективалары мен тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған іс-шаралар жөнінде баяндалды.

"Қаланың болашағы зор. Қажетті инфрақұрылым дамып келеді. Қала газбен қамтамасыз етіліп, тұрғын-үй кешендері мен әлеуметтік нысандар салынатын болады. Сондай-ақ, жергілікті халықты жұмыспен қамту үшін бірлескен кәсіпорындар құру қажет", - деді Мемлекет басшысы.