14 қаз, 2019 сағат 20:39

Назарбаев Әзербайжан Президентімен кездесті

Нұрсұлтан Назарбаев Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиевпен кездесті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Елбасының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Кездесу барысында Елбасы екі ел қатынастарының дамуындағы оң динамиканы атап өтті.

«Бұл - менің Қазақстанның Тұңғыш Президенті мәртебесінде сіздерге алғаш келуім. Елімізде экономикалық даму бағдарламаларын жүзеге асыру және тәуелсіздікті нығайту жұмыстары жалғасуда. Біздің қарым-қатынасымыз қарқынды дамып жатыр. Қазір бізде ынтымақтастықты кеңейту үшін біраз мүмкіндік бар. Сауда көлемін арттыру маңызды. Біз тиісті логистиканы құрдық. Ертең Түркі кеңесінің отырысы өтеді. Мен Құрметті Төраға мәртебесін қуана қабылдадым, өйткені мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлес қосуды жалғастыра бергім келеді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Өз кезегінде Ильхам Әлиев Елбасына Түркі кеңесінің отырысына келгені үшін алғыс білдірді және оның екіжақты қатынастарды нығайтуға қосқан үлесін атап өтті.

«Қазақстанның Тұңғыш Президентін Әзербайжан жерінде қарсы алу біз үшін зор мәртебе. Сіз Әзербайжанның үлкен досысыз. Көптеген халықаралық мәселелер бойынша әрқашан біздің елімізді қолдадыңыз. Сіздің түркі тілдес елдер арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы үлесіңіз орасан. Мерейтойлық саммиттің Бакуде өтіп жатқанына біз өте қуаныштымыз», – деді Әзербайжан Республикасының Президенті.

Сонымен қатар, Ильхам Әлиев Қазақстан астанасының салынуы Баку қаласының дамуына үлгі болғанын айтты.

«Мен Қазақстан астанасының тез өзгергенін байқадым. ЭКСПО көрмесін тамашалаған кезде құрылыстың ауқымы мен сәулеттік шеберлігіне риза болдым. Қазақстанның барлық жетістіктері Сіздің атыңызбен байланысты», – деді Әзербайжан Республикасының Президенті.