28 сәу, 2018 сағат 18:29

Назарбаев Астананың 20 жылдығын артық шығынсыз тойлауды тапсырды

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 20 жылдығын түрлі шараларға көп шығынданбай, өз деңгейінде атап өтуді тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысы Астанада өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVI сессиясында айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі. 

"Биылғы жылы біз Астананың жиырма жылдығын атап өтеміз. Астана – бұл бірлік пен келісімнің жалпыұлттық үлгісі. Шағын ғана Ақмола қаласы бүгінде халқы бір миллионнан асатын Астана қаласына айналды. Таяуда біз қаланың әрі қарай дамуын қарастырып, 2020 жылға қарай елорданың екі миллиондық қала болатынын анықтадық. Біз елімізде осындай бірнеше мегаполис болғанын қалаймыз. Егер Астана халқы екі миллионға жетсе, Алматыда шамамен үш миллион, Шымкентте бір миллион болады", — деді Назарбаев. 

Президенттің айтуынша, осындай ірі қалаларда ғылым, мәдениет, технологиялар қарқынды дамиды, ал бұл еліміз үшін өте маңызды. 

"Урбанизация жүріп жатыр, адамдар қалада тұрғысы келеді. Астанаға еліміздің түкпір-түкпірінен тұрғындар келіп жатыр. Осы жерде жұмыс, баспана, бақытын тапты", — деген мемлекет басшысы елорданың мерейтойын өз деңгейінде, артық шығынсыз тойлауды тапсырды. 

"Астана әкімдігі мәдениет министрлігімен бірлесіп, бұл күнді жалтақтамай, түрлі шараларға артық шығынданбай, байсалды атап өтудің бағдарламасын әзірлеу керек", — деп түйді сөзін Назарбаев.