04 шіл, 2017 сағат 09:16

Назарбаев Астана күніне арналған мерекелік шараларды бастап берді

Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев еліміздегі ең үлкен Тудың түбінде өткен мерекелік шараға қатысып, Астана күніне арналған мерекелік шаралардың басталғанын ресми түрде жариялады, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

"Биыл сүйікті Астанамызға 19 жыл толып отыр. Бұл - барша қазақстандықтарға ортақ мереке. Біз - бақытты ұрпақпыз. Себебі ата-бабаларымыз көрген сұрапыл соғыс пен аштықтың зардабын тартқан жоқпыз. Қазіргі өміріміз осы қалпында болды деп ойлаймыз. Олай емес. Бүгінгі ұрпақ ата-бабаларымыздың арқасында осы күнге жетіп отыр. Біздің ендігі мақсатымыз - осы бірлік-берекені сақтау, жеңіске жету. Бәсекелестікке төтеп беріп, тек жеңіске ғана жетуіміз керек. Соның арқасында алға қойған мақсаттарға жетіп, қабылдаған бағдарламаларды іске асыра аламыз", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы xалықтың бірлігі болмай, ешбір бағдарламаны іске асыра алмайтынымызды жеткізді. Ал бірлік-ынтымақ болса, Қазақстанды бұдан да жоғары деңгейге көтеріп, әлем қауымдастығының құрметіне бөленуге мүмкіндік бар.